Ақтөбеде көп қабатты үйлердің аулаларына төселген жол жамылғысының сапасы бір апта өтпей жатып, сыр берді. Тұрғындар мұндай жолдың болғанынан болмағаны жақсы еді дейді.
Бұл қаланың қақ ортасындағы аулалардың бірі. Жуырда ғана төселген асфальт жарылып, кейбір жерлері езіліп кеткен. Ал келесі бір үйдің ауласы бұзылған күйі жатыр. Бұл жермен көліктер түгілі, жаяу жүргіншілердің өзі әрең жүреді. Тұрғындардың айтуынша, жұмыстың тоқтап тұрғанына біраз уақыт болған. Енді олар әкімдіктен мәселені тез арада шешіп беруді талап етіп отыр.
Жансейіт Сейтқалиев, қала тұрғыны:
Біздікі қалды. Машина кіруге де қиындық тудырып тұр, өздеріңіз көріп тұрғандай.Жаяу жүргінші, оқушылардың өзі мектепке барғанша үсті-бастары балшық болады. Жаңбыр жауса, балшық болады. Жан-жақтың бәрін, бордюрларды алып тастады.
Әкімдік өкілдерінің айтуынша, биыл шаһар бойынша 100 аулаға асфальт жамылғысын төсеу жоспарланған. Оның 57-сінде жұмыс аяқталды. Ол үшін 381 миллион теңге бөлінген. Келесі жылы тағы 300-ден астамы жөнделеді. Ал тұрғындар шағымы мұқият тексеріледі. Мердігерлер сапасыз істелген жұмыс үшін жауап береді.
Жансерік Төлешов, қалалық ТҮКШ бөлімінің инспекторы:
Екі жылдық кепілдеме бар. Мысалы, тағы жарылып кететін болса қыста тұрады ғой, жазда қайта шығып, дефектный акт жасатып, жарылған, шұрық-тесік болған жерлеріне қайтадан жол салдыртамыз.
Жақсыбек Кемал