Мемлекет басшысы сапар аясында бірнеше елдің басшысымен кездесті. Қасым-Жомарт Тоқаев Мажарстан Президенті Каталин Новакпен кездесті. Президент бауырлас елдер арасында тарихи және мәдени байланыстарға негізделген стратегиялық серіктестік орнағанын атап өтті. Әрі Мажарстанның түркі ынтымақтастығын нығайтудағы белсенді ұстанымын жоғары бағалады. Сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастық мәселелері де талқыланды.
Мұнан бөлек, Словения Президенті Наташа Пирц-Мусармен келіссөз жүргізіп, екі ел арасындағы сауда-экономикалық, көлік-логистикалық және гуманитарлық салалардағы ықпалдастық перспективаларын талқылады. Қасым-Жомарт Тоқаев әріптесін келесі жылы өтетін Астана халықаралық форумына қатысуға шақырды. Қазақстанмен арадағы ынтымақтастықты дамытуға дайын екенін айтқан Словения басшысы да өз еліне арнайы сапармен келуге шақырды. Ал Иран президенті Ибрахим Раисимен кездесуде екі жақтың көлік-транзит байланыстарын дамыту әлеуеті айтылды. Оның ішінде Каспий теңізі арқылы жүк тасымалдау үшін «Қазақстан – Түрікменстан – Иран» теміржолының мүмкіндігін кеңінен пайдалану қажет.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бендер-Аббас портында Қазақстанның сауда терминалын салудың маңызына тоқталды. Президенттер белгіленген экономикалық жоспарды жүзеге асыру үшін үкіметаралық байланыстарды жандандыруға уағдаласты. Мемлекет басшысы Қазақстанның Солтүстік Еуропа елдері арасындағы ең ірі сауда серіктесі Финляндияның президенті Саули Ниинистёмен де келіссөз жүргізді.
Тараптар халықаралық саясаттың өзекті мәселелері, соның ішінде БҰҰ-ны реформалау жөнінде де пікір алмасты. Финляндия президентін келесі жылы өтетін Астана халықаралық форумының негізгі спикерлерінің бірі ретінде Қазақстанға шақырды. Ал Эстония президенті Алар Кариспен өткен кездесуде екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайту мәселелері кеңінен талқыланды.
Жалғас Сәдібек