Президент көшбасшылар диалогы сессиясында төрағалық етті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент көшбасшылар диалогы сессиясында төрағалық етті

19.09.2023

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Мажарстандық әріптесі Каталин Новакпен бірге БҰҰ Көшбасшылар диалогының бірінші сессиясында төрағалық етті. Қазақстан үшін орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу – ұлттық басымдық. Осылай деген Президент Орнықты даму қағидаттары ұлттық стратегияларымыз бен бағдарламаларымыздың өзегіне айналғанын айтты. Мәселен, мемлекет бюджетінің 80 пайызы орнықты даму мақсаттарына сай келеді. Оның ішінде тегін білім мен денсаулық сақтаудың баршаға қолжетімді болуы қамтамасыз етілген. Жаңа Әлеуметтік кодексте халықтың осал топтарын қорғау шаралары күшейтілді. Ал баршаға ортақ орнықты болашаққа қол жеткізу үшін бірлескен іс-қимылдар қажет.

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті:

Өзара ынтымақтастықты нығайту үшін аймақтық деңгейде «Біртұтас БҰҰ» қағидатын күшейту қажет. Сондықтан біз Қазақстанда Орталық Азия мен Ауғанстан үшін Орнықты даму мақсаттары жөніндегі аймақтық хаб құруды ұсынамыз. Ол БҰҰ-ның аймақтағы жобалық қызметін тиімді үйлестіруді қамтамасыз етеді.

Президент саммитке қатысушыларға халықаралық қаржы архитектурасына тың серпін беруді ұсынды. Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу үшін қаржы жүйесі таңдаулы елге ғана емес, барлық мемлекетке теңдей ықпал етуі қажет. Экология, білім беру және денсаулық сақтау салаларындағы проблемаларды шешу үшін орасан зор қаржы керек. Сондықтан техникалық қолдау, ғылыми зерттеулер және қауіп-қатерлерді бағалау салаларындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға шақырды.

Жалғас Сәдібекұлы

Хабарламаларға жазылу