Шымкентте ұн мен нан қымбаттады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкентте ұн мен нан қымбаттады

18.09.2023

Шымкентте ұн қымбаттады. Бір қап ұн аяқ астынан бірден 4-5 мың теңгеге көтеріліп шыға келді. Осыған байланысты енді наубайханалар да нан бағасына үстеме қосуға мәжбүр болып отыр.

Дүкендерде ұнның түр-түрі бар. Жеткілікті. Бірақ бағасы бұрынғыдай емес. Бірінші сұрыпты ұнның бір қабы 8-8,500 теңгеден сатылып келген. Бұл апта бірден 12-14 мыңға көтерілді. Бұл жағдай әсіресе зейнеткерлер мен табысы аз, тұрмысы төмен отбасыларға қиын соқты. Ұнның қымбаттауы нан бағасын да өсірді. Пәтірдің дүкендегі сатылу ақысына 10 теңге қосылды. Әзірге әлеуметтік маңыздағы азық-түлік түріне жататын қалыпты бөлке нанның бағасы бұрынғыша өзгеріссіз.

Ұн сататын орындар мұны әлемдегі геосаяси жағдаймен байланыстырып отыр. Бұған дейін өз тауарларына демппингттік саясат ұстанған көрші Ресей енді экспортқа шектеу қойған. Оның салдары Қазақстан нарығына бірден әсер етті дейді мамандар.Ұннан кейін іле шала қанттың да қымбаттауының себебі осында жатыр. Шекердің 1 киллограмына 100-150 теңге қосылды.

Қайрат Базарбеков, қалалық Ауылшаруашылығы және ветеринария басқармасы басшысының орынбасары:

Қазіргі таңда өнімнің кемеюіне байланысты бірқатар тауарлардың бағасында ауытқу байқалды. Тұрақтандыру қоры мен азық-түлік корпорациясынан келген бидай есебінен осы тауарлардың бағасын тұрақтандыратын боламыз.

Шымкенттегі 30-ға жуық наубайхана «Нан» қауымдастығына мүше. Олар қала халқының сұранысына сай тәулігіне 140 мың қалыпты бөлке пісіреді. Сондықтан ұнның қымбаттауы жұртшылыққа қатты әсер ете қоймайды, дейді билік өкілдері.



Ғани Қалмаханов

Хабарламаларға жазылу