Семейде қала күні аталып өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Семейде қала күні аталып өтті

18.09.2023

Семейде қала күні аталып өтті. Мәдени- рухани орталықта тұрғындар мен қонақтарға арналған 20 дан астам спорттық-мәдени шара қолға алынды. Облыс орталығы болғалы шаһардың дамуында айтарлықтай өзгеріс көп. Бір жылдан астам уақытта қалада ауқымды шаралар қолға алынған.

Қала күніне орай ұйымдастырылған меркелік шара велошабандоздар жарысынан басталды. Семейдегі сайысқа 500-ге жуық велосипедші қатысты. Нидерланды Корольдігінің Қазақстандағы елшілігінің ұйымдастыруымен өткен велошеруге қатысушылар 10 шақырым жүріп өтті.

Қала күнінде ерекше қажеттілігі бар балалар да назардан тыс қалған жоқ. Олар «Аман келешек» фестивалін тамашалады. Танымал ауыр атлет Илья Ильинмен бірге таңғы жаттығуға қатысты. Ал «Үздік кондитер» байқауында ұзындығы 20 метрлік торт дайындалып, қалалықтарға ұсынылды.

 Сәуле Ахметжанова, байқауға қатысушы:

Білімнің бәрі кітапта. Соны ұмытпасын дегендей қылып жасадық. Абай атамыздың мүсінін қойдық. Біздің Семейіміздің туған күнімен құттықтаймыз деп, мына тортты конкурсқа жасадық.

Мерекеге орай орталық саябақта «Күзгі феерия» фестивалінде жас таланттар өнерін ортаға салды.

Ақылжан Ақылбеков қала тұрғыны:

Күннің өзі жарқырап кетті. Мына жақта балаларға деген бүгінгі көрілімдер, қойылымдар, аниматорлар бәрі өте жақсы. Қаламыз көркейе берсін!

Айгерім Азат, қала тұрғыны:

Бүгінгі қала күні өте жақсы және қуанышты және де өте әдемі өтіп жатыр. Семей қаласы көркейе берсін, одан да әдемі бола берсін!

Қала күні шаһардың әрбір ауданында тойланды. Мерекелейтін негіз де бар дейді өңір басшылары. Өйткені облыс орталығы болғалы атқарылған іс аз емес. Жоспар көп.

Нұрбол Нұрсағатов, қала әкімі:

Президенттің Жарлығымен Абай облысы бөлінді. Семей міне облыс орталығы болды. Сондықтан да осы жылы біз қала күнін тойлауға үлкен маңызды істерді жасап жатырмыз Қаланың бас жоспарын дайындап жатырмыз. Қалада жұмыс қарқынды жүріп жатыр. Әлі де біткен жоқ. Келесі жылға да жоспарларымыз бар. Тиісті құжаттарды дайындап жатырмыз.

Қала күнінде «Семей батыры» бәсекесінде білекті жігіттер күш сынасты. Мереке отандық эстрада жұлдыздарының гала-концертімен түйінделіп, от шашумен аяқталды.


Хабарламаларға жазылу