Алматыда Қазақстандағы «Якут киносының күндері» басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда Қазақстандағы «Якут киносының күндері» басталды

18.09.2023

Алматыдағы «Kinoplexx Saryаrka» кинотеатрында Қазақстандағы «Якут киносының күндері» басталды. Фестиваль екі ел арасында рухани байланысты нығайтуға негізделген. Шара мемлекет басшыларының келісімі негізінде жүзеге асып отыр.

Якуттық кино майталмандар 20 қыркүйекке дейін көрерменге түрлі жанрдағы 10 фильм ұсынбақ. Олардың арасында халықаралық марапатқа ие болғандары да бар. Фестивальдің шымылдығын «Айта» фильмі ашты. Бұл «Сахавуд» студиясының ең көп қаржы жинап, рекорд орнатқан туындысы.

Степан Бурнашев, «Айта» фильмінің режиссері:

Кинода бойжеткен қыздың басынан кешкен оқиғасы суреттеледі. Детектив, мистика және триллер жанрына құрылған. Фильм – биылғы жылдың өнімі. Соған қарамастан көрермен тарапынан жақсы пікірге ие болды. Бір сөзбен айтқанда мұны тек көру керек.

Бұдан өзге көрерменге көрсетілетін фильмдердің арасында «Тыгын Дархан» тарихи туындысы да бар. Сондай-ақ, келушілер халықаралық фестивальде топ жарған «Патша құс» және «Жулур» спорттық драмасын да тамашалай алады. Фестиваль аясында «Қазақфильм», «Сахафильм» және Саха республикасының мәдениет министрлігі бірлесе жұмыс істеу туралы келісімге келді.

Алексей Егоров, «Сахафильм» ұлттық мемлекеттік компаниясының жетекшісі:

Бұл біздің екі елді жақындастыратын шараларымыздың алды ғана. Қазақ кинолары болашақта бізде көрсетіледі. Якуттық фильмдерді де Қазақстанға прокатқа шығаруды жоспарлап отырмыз. Ортақ мақсат көп.

Сондай-ақ Сарыарқа кинотеатрында бұрын еш жерде көрсетілмеген «Эт» фильмінің де тұсауы кесілді. Көрермен фестиваль аясында Саха жерінің табиғатына көз жүгіртіп, якут халқының тұрмыс-тіршілігімен таныса алады.


Қуан Нұрақын

Хабарламаларға жазылу