Елімізде 2029 жылға дейін обылстық және аудандық маңызы бар 14 мың шақырым жол жөнделуі тиіс. Бұл мәселе Үкіметтің жіті назарында. Ал ақтөбелік компания қалааралық жол былай тұрсын, шаһар ішіндегі көшенің өзін уақытылы жөндей алмай отыр. Тұрғындардың айтуынша, жұмыстың тоқтап тұрғанына көп болған. Ескі асфальт жамылғылары тау-тау боп үйіліп жатыр. Салдарынан халықтың үйлерінен шығуының өзі мұңға айналған.
Жақсыбек Кемал, тілші:
Бұл жердің осылай астаң-кестеңі шығып жатқанына бір аптаға жуық уақыт болған. Мына көшемен көліктер әрең өтіп жатыр. Ал жолды жөндеуге әкелінген техникалар қаңтарылып тұр.
Тұрғындардың айтуынша, бұл көшеде жөндеу жұмыстары басталғанына екі жылдай болған. Жол саламыз деп келгендер бір-екі жерді шұқылап, қайта кетіп қалады дейді. Ал соңғы келген компания жұмысқа қызу кіріскенде халықтың қуанышында шек болмады. Алайда олар ескі жол жамылғысын алып, көше ортасына үйіп кеткен.
Марат Ысқақов, қала тұрғыны:
Қуанышымыз су сепкендей басылды. Ашып-шашып, бәрін бітеп, халық септигін де тарта алмай отыр. Балалар балшық кешіп, оқуға да бара алмай отыр.
Қазір көліктер бұл көшені айналып өтуге тырысады. Тұрғындар кәріз суын соратын арнайы көліктің өзін шақырта алмай отырмыз дейді. Олардың көшеміз осы күйінде жөнделмей қала ма деген күдігі бар.
Рамазан Иманов, қала тұрғыны:
Он бастық жүреді, бәрі джиппен келеді, талтаң-талтаң кетеді. Бес жұмысшы жүргені, бір техника скрепер. Болды, басқа ештеңе жоқ. Бір сағат скрепер жұмыс істейді, кетеді.
Көшені жөндеуді мойнына алған компания өкілдері жұмыстың тоқтауына ауа райының бұзылуы себеп дейді. Айтуларынша, жаңбырлы күндері тар көшеде ауыр техникамен жұмыс істеу қиын. Олар ертең жұмысты қайта жалғастырамыз деп уәде берді.
Алтай Мырзажанов, мердігер мекеме өкілі:
Көліктердің кіріп-шығуы қиынға соғып жатыр. Сондықтан тұрғындардың сұрауы бойынша тездетеміз деп үйіп алып, соны шығарып үлгере алмай жатырмыз. Оның үстіне жаңбыр қосылып кетіп жатыр. Техниканың сынуы бар, анаусы бар, мынаусы бар кедергі жасап, уақытша тоқтап қалғаны рас.
Жоспар бойынша ұзындығы екі шақырымға жуық бұл көшенің жолы қазан айының соңына дейін дайын болуы тиіс. Жергілікті әкімдік өкілдері барлық жұмыс бақылауымызда деп сендірді.
Жақсыбек Кемал