Ресейде барлық салада жұмысшы тапшы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ресейде барлық салада жұмысшы тапшы

13.09.2023

Ресейдің Орталық банкі базалық мөлшерлемені тағы көтеруі мүмкін. «Бұл құлдыраған рубльдің бағамын ұстап тұрудың жалғыз жолы»,- дейді мамандар. Бір жылда 70 пайызға арзандаған Ресейдің ұлттық валютасы тағы да құнсызданады деген болжам бар.

Тамыз айында бір доллар жүз рубльге жетті. Сондықтан Орталық банк базалық мөлшерлемені жоспардан тыс 12% дейін көтерді. Үкімет депозиттер, тұтыну несиелері ипотека бойынша пайыздық мөлшерлемені ұлғайту арқылы ұлттық валютаның бағамын күшейтпек. Демек 300 пайызға дейін қымбаттаған азық-түлік, техника құны тағы өседі. Қазірдің өзінде Ресейден 5000 бренд кетіп, дүкендер жабылды.

Соңғы бір айда ипотека алуға асыққандардың саны 40 пайызға артты. Ал елде жұмысшы тапшы. Мигранттардың табысы 30-50 пайызға азайып, екі миллионға жуық шетелдік жұмысшы өз мемлекеттеріне оралған. Бүгінгі күні өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс саласында кадр дефициті байқалады.

Александр Сампетов, сарапшы:

Өкінішке қарай, барлық салаларда маман тапшылығы бар. Бұл өнеркесіп саласына кері әсерін тигізуде. Өйткені істейтін жұмыс көп, жұмысшы жоқ. Әсіресе Ресейдегі мегаполистер мен өнеркәсіп қатты дамыған Севрдлов облысы сияқты өңірлерде маман жетпейді.

Сарапшылардың пікірінше, елден тағы бір миллион мигрант кетсе, баспана құрылысы тоқтап қалуы мүмкін. Бюджет тапшылығы, инфляция елдегі өмір сүру деңгейінің төмендеуіне әсер етеді.


Индира Бегайдар

Хабарламаларға жазылу