Мароккода зілзаладан қаза тапқандар саны 2500-ден асты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мароккода зілзаладан қаза тапқандар саны 2500-ден асты

11.09.2023

Мароккода алапат зілзаладан қаза тапқандар саны 2500-ге жақындап қалды. Тағы сонша адам жараланған. Ал тірі қалғандарды табуға үміт азайып барады. Өйткені апаттан бері екі тәуліктен астам уақыт өтті. Талай ауыл жермен-жексен болғандықтан, мыңдаған адам үшінші түнді далада өткізді. Т

Марокконың Биік атлас тауларының бөктерінде алапат жер сілкінісі жұманың кешінде болды. Содан бері 48 сағаттан астам уақыт өткен. Демек, тірі қалғандарды құтқаруға мүмкіндік аз қалды. Сондықтан мұнда үш күннен бері жанталас. Солтүстікафрикалық корольдік жұрты мұндай сұмдық зілзаланы 20-шы ғасырдың басынан бері көрмепті. Бүгін түскен мәліметке қарағанда, 2497 адам қаза тауып, 2476-сы жараланған.

Біріккен Ұлттар ұйымының дерегінше, зардап шеккендер 300 мыңнан кем емес. Талай ауыл жермен-жексен болған. Олардың халқы үш күн далада түнеген.

Нуреддин Лахбаби, Марракеш қаласының тұрғыны:

Ежелгі қалаға кіріп, қираған үйлер мен қиналған адамдарды көру – азап екен. Бұл ауыр тәжірибе. Сіздің ағаңыз немесе әпкеңіз зардап шексе, тіпті қиын болар еді.

Хамид Бен Хеннаның отбасы кешкі асқа жиналғанда үйлерінің кенеттен құлай бастағанын байқаған. Сол сәтте далаға үлкен ұлымен қашып үлгерген Хамид көп кешікпей күйреген үйге оралып, әйелі мен кішкентай қызын құтқарып алады. Ал екінші ұлдары Маруан апат басталғанда түкпірдегі бөлмеге жүгіріп кетіп, үйінді астында қалып қойған. Оның мәйіті екінші күні табылды. Анасы сол қорқынышты кешті былайша еске алды.

Фатима Маруан, Марракеш қаласының тұрғыны:

Жарық өшті. Қараңғыда шаңның астында қалдық. Жер сілкінісін сезіп, тастар мен қабырғалардың құлағанын естідік. Бірақ не болып жатқанын түсінбедік. Ал ауылымыз жермен-жексен болды. Оны өздеріңіз де көрдіңіз.

АҚШ-тың Геологиялық қызметінің дерегінше, дүмпудің магнитудасы 6,8 баллға жеткен. Эпицентрі 18,5 шақырым тереңдікте анықталыпты.

Зілзаладан туристер көп баратын тарихи қала және дүниежүзілік мұралар қатарына енген Марракештің айтарлықтай бөлігі қирады. Бұған қоса, 1-ші ғасырда салынған мешіт те қатты зақымдандған.

Жергілікті мемлекеттік телеарнаның хабарлауынша, Король Мұхаммед Төртінші көмек жібергені үшін Испания, Катар, Ұлыбритания және Араб әмірліктеріне алғыс білдірді.

Хабарламаларға жазылу