Түркияда зілзаладан қаза тапқандар саны 14 мыңнан асты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркияда зілзаладан қаза тапқандар саны 14 мыңнан асты

09.02.2023

Бұл Түркияның Хатай қаласында зілзаладан кейін 79 сағат өткенде үйінді астынан кішкентай баланы шығару сәті. Соңғы мәліметтерге сай, Түркия мен Сирияда болған жер сілкінісінен қаза тапқандар саны өсті. Іздеу-құтқару жұмыстары жүріп жатыр. Түркияның Апаттарды басқару агенттігінің мәліметінше, зілзала болған аймақтарда 110 мыңнан астам құтқарушы жұмыс істеп жатыр. Олардың арасында әлемнің ондаған елінен көмекке барған мамандар бар.

Түркияда жер сілкінісінен қаза тапқандар мен жараланғандардың саны өсті. Ал іздеу құтқару жұмыстарының жүріп жатқанына төрт күн болды. Апаттан кейін осыншама ұзақ уақыт өтсе де ғажайыптар болып жатыр. Үйінді астында аман қалғандар табылды. Хатай провинциясында 68 сағаттан кейін бір отбасының төрт мүшесі аман-есен құтқарылған. Дегенмен ауа райы суық болғандықтан, тірі қалғандарды аршып алу үміті минут санап азайып барады. Ал аман қалғандар үйлерінен айырылып, суықта далада түнеуге мәжбүр. Оның үстіне бүгін елде қуаты 4 балдан асатын тағы бірнеше дүмпу болған. Әрең тұрған ғимараттар құлауы мүмкін деген үрей бар.

Режеп Тайып Ердоған, Түркия президенті:

Соңғы деректерге сай, өмірін жоғалтқан азаматтарымыздың саны 14 мыңнан асты. 63 мың 794 адам жараланған. Көріп тұрғаныңыздай, үйінділерді тазарту жұмыстары жалғасып жатыр. Алға қойған мақсатымыз – қираған нысандардың орнына 3-4 қабатты ғимараттар тұрғызу.
Елде құрылыс ережелерінің сақталмауына қарсы сын күшейді. 2018 жылғы зілзаладан кейін үй салуға қатысты талап қатаңдатылған еді. Алайда осы апаттан кейінгі жағдай ғимараттардың ережеге сай салынбағанын тағы да көрсетті, дейді наразылар.

Арай Төлегенқызы

Хабарламаларға жазылу