Президент футболдан Қазақстан құрамасын жеңісімен құттықтады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент футболдан Қазақстан құрамасын жеңісімен құттықтады

11.09.2023

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев футболдан Қазақстан құрамасын жеңісімен құттықтады. Ұлттық құрама Солтүстік Ирландия командасын қабылдап, 1:0 есебімен жеңіске жетті. Бұл- тарихи жеңіс. Осылайша футболдан Қазақстан құрамасы еуропа додасына іріктеу турнирінде 12 ұпай жинады. Бұрын-соңды мұндай нәтиже болмаған еді. 

Көк туды желбіретіп, шапан киіп, көлігін де сәндеген. Ұлттық құраманы қолдауға асыққан жұрт қарасы көп.

Арнайы осы ойынға деп 5 мың шақырымды еңсеріп Солтүстік Ирландиядан 200-ге жуық адам келген.

Ұлттық құраманы қолдауға Мемлекет басшысы да келді. Ойынның алғашқы минуттарынан допқа талас негізінен орталықта жүрді. Қазақстан ойыншылары бірнеше мәрте шабуылдағанымен нәтиже шыққан жоқ. Дегенмен 27-минутта Абзал Бейсебековтен пас алған Максим Самородов қорғаушылар ортасында тұрып, допты ыңғайлап, алыс бұрышты тура дәлдеді.

Ал 42-минутта дәл сол Максим өз қақпамызды голдан құтқарды.

Екінші таймда ирландықтар алға ұмтылды. Қауіпті сәтте Шацкий қақпаны аман алып қалды.

Ойын соңына қарай Асхат Тағыберген алыстан жойқын соққы жасады.

Төреші негізгі уақытқа 6 минут қосқанымен есеп өзгерген жоқ.

Шерхан Жамбылұлы, тілші:

Мінекей, Қазақстан ұлттық құрамасы маңызды жеңіске қол жеткізді. 1:0. 3 ұпай қоржында. Ұлттық құраманың Еуро-2024 жолдамасын алуға әлі де мүмкіндігі бар. Алда әлі 4 ойын.

Ойыннан кейін Президент футболшылармен кездесіп, команданы жеңісімен құттықтады.

Ал капитан Асхат Тағыберген қолдауға алғыс айтып, команда атынан доп сыйлады.

Ұлттық құраманың келесі ойындары қазан және қараша айында өтеді. Еуро-2024 жолдамасы осы кездесулерде сарапқа салынбақ.


Шерхан Жамбылұлы


Хабарламаларға жазылу