Елордалық тұрғын энергетика саласында 30 жылға жуық уақыт еңбек етеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елордалық тұрғын энергетика саласында 30 жылға жуық уақыт еңбек етеді

08.09.2023

Әр мамандық иесінің қоғам алдындағы жауапкершілігі әртүрлі. Күнделікті тұрмыста көп тірлік электрмен қуатталатын техникаға тәуелді. Бұл ретте электрик мамандардың еңбегін ескермеуге болмайды. Елордалық тұрғын Бақтыбек Қадырбаев энергетика саласында 30 жылға жуық уақыт еңбек етеді. Екі ұлын да осы мамандыққа баулыған. Айтуынша, қауіп-қатерге толы мамандықтың сыры мен қыры көп. Сұраныс та жоғары.

55 жастағы Бақтыбек Қадырбаев Қорғалжын ауданының тумасы. Бұл салаға 28 жыл бұрын келген. Қазір Елордада Алматы ауданы бойынша электр беру желілерін қадағалайды. Айтуынша, екі ұлы да әке ізін жалғастырғысы келген. Тіпті тұңғышымен әріптеспіз дейді.

Бақтыбек Қадырбаев, электромонтер:

Балам да жұмыс істеп жатыр, 9 жыл болды. Жетекші инженер біздің Алматы ауданында. Екінші ұлым 2 курс оқиды. Ол да осы ұжымға келеді деп ойлаймын.

Ардагердің айтуынша, электр қуатының иісі де, дыбысы да жоқ. Сондықтан қауіптің де қай тұстан келетінін түсінуге тәжірибе мен сақтық қажет. «Мамандық қателікті кешірмейді», - дейді.

Бақтыбек Қадырбаев, электромонте:

Ұяшықтың түрі бірдей, сандары әртүрлі. Мұнда басқа ұяшыққа кіріп кетіп, басқа батырманы басып қалсаң, бір аудан светсіз қалады. Неге десеңіз, мына жерде 10 мың вольт.

Кейіпкеріміздің бір мекемеде тұрақты жұмыс істеуі, оның жұмысына деген адалдығын білдіреді. Ардагердің әріптестері дәл осындай пікірде. Тіпті зейнеткерлікке жібергісі келмейтінін айтады.

Дархан Ибраев, Алматы ауданы бойынша АЭЖ бастығы:

2004 жылы осы жұмысқа келдім. Ол кезде 18 едім. Бақтыбек Тілеулесұлы ол кезде жұмыс жасап жатты. Жас маман болып келген соң, ол кісіден көп нәрсе үйрендік, білім алдық. Ақылшы болды. 20 жыл бірге қызмет жасаймын. Көп мамандарды дайындады.

Бақтыбек Қадырбаев бұл мамандыққа деген сұраныстын артқанын қалайды. Білгенін өзгеге үйреткісі келетін азамат, еліміздегі энергетика саласының дамуы әлі алда дейді.


Аида Ахметбек

Хабарламаларға жазылу