Ақтөбеліктер көліктеріне құятын газ таппай жүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбеліктер көліктеріне құятын газ таппай жүр

08.09.2023

Ақтөбеліктер көліктеріне құятын газ таппай, әуре-сарсаңға түсіп жүр. Жанармай бекеттерінде кезек. Оның өзінде сұйық отын таллонмен ғана беріліп жатыр. Қолма-қол ақшаға алам десеңіз, жүздеген метрге созылған кезекті сабақтайсыз. Мәселе қашан және қалай шешілмек?

Жақсыбек Кемал, тілші:

Жүргізушілер осылай кезекте сағаттап тұруға мәжбүр.Бұл жағдай екі аптадан бері жалғасып келе жатыр.Газ құю бекеттерінің көбі уақытша жабық тұр. Сондықтан көлік иелері мәселенің тез арада шешілгенін қалайды.

Бүгін қаладағы 5-6 газ құю бекеті ғана көліктерге қызмет көрсетіп жатыр. Алайда арзан отын құямын дегендер қымбат уақытын жоғалтуға мәжбүр. Яғни кезек көп. Жүргізушілер дәл осылай сабылып қашанғы жүреміз деп ашынады.

Михаил Кузьменко, көлік жүргізушісі:

20 күндей болды ғой осы мәселенің болғанына. Бір сағаттай кезекте тұрамыз. Кейде жетпей қалады. Екі-үш бекетте ғана бар, қалғанында жоқ. Барлық бекеттерге неге бөлмейді? Сол кезде кезек те болмайтын еді.

Серік Ембергенов, көлік жүргізушісі:

Кейде екі сағат болады, кейде үш сағат болады, әр кезде әр түрлі ғой. Ең қызығы кезек келгенде газдың бітіп қалуы. Қайтарып жібереді адамдарды.

Облысқа ай сайын 16 мың тонна сұйық отын қажет болса, Энергетика министрлігі шілде айына 10 615 тонна ғана бөлген. Өңірдегі сұйытылған газ шығаратын үш зауыттын бір мезетте жөндеуге жабылуы да жығылғанға жұдырық болып отыр. Жауаптылар қазір басқа облыстардағы мұнай өңдеу зауыттарымен келіссөз жүріп жатқанын айтты.

Нұртай Сертаев, Облыстық энергетика және түкш басқармасы басшысының орынбасары:

Шымкенттен 650 қосымша бөлінеді.Сондай-ақ «СНПС-АқтөбеМұнайгаздан» 1 100 қосымша бөлінеді.Сосын жөндеуден кейін «ҚазақОйл» тағы 300 тонна қарастыратын болады.Сонымен қатар Атырау зауытымен байланыстар жүргізілуде. Министрлер арқылы ол жақтан да қосымша обьемдар қарастырудамыз.

Ақтөбеде 53 мыңға жуық көлік газбен жүреді.Одан бөлек облыс аумағына еліміздің басқа өңірлері мен шетелдерден ай сайын 15 мыңға жуық көлік кіреді. Энергетика басқармасындағылар мәселе тек ай соңына қарай шешіледі деп отыр. 


Жақсыбек Кемал

Хабарламаларға жазылу