Басты Жаңалықтар Капитолий шабуылы: «Proud Boys» тобының бұрынғы жетекшісі Энрике Таррио 22 жылға сотталды

Капитолий шабуылы: «Proud Boys» тобының бұрынғы жетекшісі Энрике Таррио 22 жылға сотталды

Жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырғаны үшін 22 жыл жаза. АҚШ соты «Proud Boys» оңшыл тобының бұрынғы жетекшісі Энрике Тарриоға осындай үкім шығарды. Ол Вашингтондағы Конгресс ғимаратына мыңдаған адамның шабуыл жасауына тікелей кінәлі деп танылған еді.  

Жалғас Сәдібекұлы, тілші:

39 жасар Маями тұрғыны Энрике Тарриоге қатысты тергеу екі жылдай уақыт жүрді. Прокурорлар оны оңшыл топтың ықпалды жетекшісі болды әрі 2021 жылы қаңтардың алтысы күні биліктің заңды ауысу процесіне қарсы арандату әрекетіне барды, Трамптың жақтастарын Капитолийге басып кіруге үгіттеді деп айыптап, 33 жыл түрмеге жабуды сұраған. Дегемен судья 22 жыл деп шешім шығарды. Осылайша, бұл бұлғаққа қатысты сот ісіндегі ең қатаң жаза болып отыр. Алайда бұл шешіммен келіспеген адвокаттар апелляцияға бермек.

Найиб Хасан, Энрике Таррионың адвокаты:  

Біз 15 жылдан артық жаза кеспеуді сұрағанбыз. Өткен аптада шығарылған үкімдерді көрдік,  соларға сүйене отырып осындай ұсыныс айттық. Жақын арада қайта шағым түсіреміз. Оның 6 қаңтарда Вашингтонда болмауы жаппай тәртіпсіздіктерге «тікелей ықпалы» болмағанын білдіреді.

Жалғас Сәдібекұлы, тілші:

Естеріңізге сала кетейік, екі жыл бұрын АҚШ астанасында жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастырушылар Конгрестің демократ Джо Байденнің жеңісін ресми бекітуіне кедергі келтірмек болған. Себебі сол кездегі президент Дональд Трамп сайлау заңсыз өтті деп айыптаған еді. Салдарынан мыңдаған адам Конгреске басып кіріп, бес адам, оның ішінде полиция қызметкерлері де  қаза тапқан. 140 тәртіп сақшысы жарақат алған еді. Капитолийге шабуыл жасады деген айыппен барлығы мыңнан астам адам тұтқындалса, оның 630-ы кінәлі деп талынып, қазірдің өзінде 110 адам сотталған. Экс-президент Дональд Трампқа да айып тағылып, үстінен сот процесі жүріп жатыр. 


Жалғас Сәдібекұлы

Бөлісу