Басты Жаңалықтар Футбол: Қазақстан Финляндияға есе жіберді

Футбол: Қазақстан Финляндияға есе жіберді

Финляндияны тағы да жеңе алмадық. Кеше футболдан Қазақстан құрамасы өз алаңында 0:1 есебімен қарсыласқа жол берді. Осыған дейін бұл командамен төрт мәрте кездесіп, төртеуінде де есе жіберген едік. Дегенмен ұлттық құрама ойыншылары жасыл алаңда барын салып, жеңіске ұмтылды. Алайда сәттілік серік болмады.

Топтағы бірінші орынды сарапқа салатын ойынды көпшілік көп күтті. «Астана Аренаның» билеттері екі апта бұрын түгелдей өтіп кеткен еді. Жанкүйерлер де матч қарсаңында қала көшелерін нағыз футбол тойына айналдырды

Лық толы стадионның ыстық ықыласы. Желбіреген көк ту. Көрермендер алғашқы минуттардан-ақ «Атамекен» деп әндетіп, ұлттық құраманы алға жетелеп отырды. Жетінші минутта Бахтиер Зайнутдинов қақпаны нысанаға алды. Алайда сәл қиыс кетті.

26-минут. Абат Айымбетов алаң ортасынан доп алып, бірнеше ойыншыдан сытылып шықты.

Бірнеше минуттан кейін Ян Ворговскийдің алыстан бағыттаған добы қақпаға кіре жаздады.

35-минутта фин шабуылшысы Антманның тепкен добы қорғаушыға тиіп қақпаға кірді. Алайда, гол есепке алынған жоқ. Офсайд.

Одан кейін Аслан Дарабаев алыстан соққы жасап көрді.

Екінші таймда ойынға Тапалов пен Оразов шығып, орталық алаңға қан жүгірткендей болды. Адиев шәкірттері қанша тырысқанымен фин қақпасынан саңылау таба алмады. Есесіне 78-минутта Антман гол соғып, суомилық командаға жеңіс сыйлады.

Ойын соңына дейін Қазақстан құрамасы шабуылды үдеткенімен есеп өзгермеді. Дегенмен жанкүйерлер еңсені түсірмеу керек дейді.

Бас бапкер Магомед Адиевтің пікірінше ойын тең дәрежеде өтті.

Магомед Адиев, Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері:

Біз екі таймға екі түрлі схема жасадық. Олардың ойынын тоқтатуға тырыстық. Матч тең нәтижемен аяқталуға жақын еді. Бізде ұрымтал сәттер болды. Алайда, қарсыластар өз мүмкіндігін пайдаланып, гол соғып кетті.

Еуро 2024 жолдамасынан үміт үзбейміз. Ұлттық құраманың әлі 5 ойыны бар. Келесі матч жексенбі күні Солтүстік Ирландия құрамасына қарсы өтеді.


Шерхан Жамбылұлы


Бөлісу