Түркістан облысында 5 жасар қызды айуандықпен өлтірген педофилге сот үкімі шықты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында 5 жасар қызды айуандықпен өлтірген педофилге сот үкімі шықты

07.09.2023

Түркістан облысы Сарыағаш ауданында 5 жасар қызды айуандықпен өлтірген педофил ең қатаң жазаға тартылды. Шымкенттегі сот процесінің қалай өткені жайлы әріптесім Ғани Қалмахан баяндайды.

Сот айыпталушыны қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша айыпты деп тапты. Оның кінәсі тергеу барысында тиісті сараптама қорытындыларымен және заттай айғақтармен дәлелін тауып отыр. Бұлтартпас фактілерге сүйене отырып, сот бір күн ішінде істі қарап, жаза кесті. Сот бүгін Шымкентте жабық жағдайда өтті.

Дәурен Мадалиев, Түркістан облысының Қылмыстық істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы:

Жазаларды толық қосу арқылы педагогикалық лауазым және кәмілетке толмағандармен жұмыс істеуге байланысты лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын.

Осылайша педофил соттың үкімімен енді өмір бойы түрмеде отырады және оған химиялық кастрация жасалады.

Мұнан бөлек, қылмыскер жәбірленуші отбасыға 100 миллион теңге көлемінде моральдық шығын өтеуге міндеттелді. Бұл қаржы оның ата-анасы мен туған туыстарынан өндірілетін болады. Педофил бұған дейін адам өлтірген үшін түрмеде 10 жыл отырып шыққан. Одан кейін 2023 жылы мамыр айында денсаулыққа ауыр зиян келтіргені үшін тағы үш жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілген еді.


Ғани Қалмаханов 

Хабарламаларға жазылу