Ыстамбұлдағы селден 31 адам жараланған, 8-і ауруханада жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ыстамбұлдағы селден 31 адам жараланған, 8-і ауруханада жатыр

06.09.2023

Кеше түнде Ыстамбұлда нөсер жауын жауып, арты селге ұласқан. Бір өзен тасып, көшелер мен үйлерді су басты. Суға кетіп екі адам қайтыс болды. Ғимараттар мен көліктер су астында қалып, жүздеген адам қауіпсіз жерге көшірілді. Ыстамбұлдағы селге қатысты соңғы ақпарат Түркиядағы тілшіміз Айдос Әшімұлының материалында.

Түндегі нөсер жауыннан кейін ең қатты зардап шеккен Ыстамбұлдағы жихаз сататын дүкендер орналасқан аудан. Бұл жерде судың деңгейі мына жерге дейін көтерілген. Дәл қазір бұл жерде селдің зардаптарын жою яғни тазалық жұмыстары жүріп жатыр.

Еюб Хасан жиһаз сататын дүкенін 15 күн бұрын ғана ашқан. Ондаған млн лира салған бизнесім әп-сәтте құрдымға кетті деп налиды. 30 минут ішінде су деңгейі екі метрге көтерілген.

Еюб Хасан, дүкен иесі:

Түнде үйде болғанымда дүкенді су басып жатыр деген хабар алдым. Тездетіп келгеніммен, дүкенге кіре алмадық. Су басып қалған екен. Жиһаздардың ешқайсысы іске жарамайды. Негізі әкімдік су ағатын құбырларды тазаламаған. Соның кесірінен су тез көтерілді. Енді мемлекет шығындарымыздың жартысын болса да қайтарса деп тілейміз.

Түнгі сағат 12-лерде Ыстамбулдың Башакшехир, Кучукчекмеже және Арнавуткөй деген үш ауданында нөсер жаңбыр жауып арты селге ұласты. Мамандар бес жүзден аса ғимаратқа су кіргенін айтты. Өкінішке қарай бірі шетелдік бірі жергілікті тұрғын екі адам қайтыс болды.

Әли Йерликая, Түркияның ішкі істер министрі:

Селден 31 адам жараланды, олардың 8-і ауруханада жатыр. Өмірлеріне еш қауіп төніп тұрған жоқ. Алғашқыда селден зардап шеккендерге 15 мың лирадан қаржылай көмек көрсетеміз. Ал нақты шығындарды есептеген соң әр отбасына, әр кәсіпкерге толық шығындарын өтейміз.

Түркияда соңғы бір аптаның ішінде оншақты облыста сел болды. Метерологтар осы аптаның соңына дейін жаңбырлы ауа райы сақталады деп отыр. Сондықтан тұрғындарды қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырды.


Хабарламаларға жазылу