Елорданың іргесіндегі Қаражар ауылының тұрғындары шағымданды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елорданың іргесіндегі Қаражар ауылының тұрғындары шағымданды

06.09.2023

Жарық жоқ. Автобус қатынамайды. Елорданың іргесіндегі Қаражар ауылының халқы жылдар бойы шешілмей келе жатқан мәселелерді айтып, арнамызға шағымданды.

Не қоғамдық көлік, не жарыққа жарымаған Қаражар ауылы «ит арқасы қиянда» емес, тура Астананың іргесінде орналасқан. Ақмола облысы Целиноград ауданына қарасты 6 мыңға жуық халқы бар кент тұрғындары «өркениеттен ада қалдық» деп шағымдануда. Қоғамдық көлік тоқтайтын аялдамаға жету үшін ғана бірнеше шақырымды жаяу жүруге мәжбүр.

Ауыл ішінде қоғамдық көлік әу баста қаралмаған. Тек Астанадан қатынайтын санаулы автобус тұрғындарды қалаға тасымалдап келген.

Александр Рублевский, Ақмола облыстық автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары:

Қала маңынан 50 шақырым жерде орналасқан елдімекендердің автобус кестесі мен қозғалысына Астана қаласының әкімдігі жауап береді. Біз тек сол аймақтың жолы мен жарығы, яғни, инфрақұрылымын дайындаймыз. Егер ауданішілік мартшруттарға тұрғындардан өтініші келіп түссе, онда біз оны қарастырамыз. Бүгінге дейін ондай өтініш болған жоқ. Ауданнан Қаражарға қатынайтын қоғамдық көлік мәселесін бүгіннен бастап қарастыратын боламыз.

Елордадағы жауаптылар болса қоғамдық көлік мәселесі тек жыл соңында шешіледі деп отыр. Ал ауылға жарық беріп тұрған осы - жалғыз трансформатор.

Нұрбай Қабылбекұлы, ауыл тұрғыны:

Тоқ көп болмаса онда шайнекті қоса аламыз, егер ол көп болса оны да қоса алмаймыз. Тіпті үйдің жарығына жетпейді.

Сөйтсек елдімекенді электр қуатымен қамтамасыз ету үшін арнайы жоба қолға алынғанына екінші жыл екен. Алайда оның нақты іске асуына тағы бір ай керек отыр жергілікті атқамінерлер.

Ақжол Қылышбаев, Ақмола облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының бөлім басшысы:

Қаражар ауылын толық электр қуатымен қамтамасыз етуге арналаған бағдарлама бар. Ол Қаражар ауылын толық жарықпен қамтамасыз ететін болады. Осы жылдың қазан айында қолданысқа беріледі. Жоба бойынша 30 км желі жөнделеді. 10 трансформатор беріледі. Жаңа жоба біткен соң тұрғындардың барлығы жаңа подстанцияларға қосылады.

Бұл қаражарлықтарды жылдар бойы титықтатып келе жатқан мәселелердің бір парасы ғана. Ауыз сумен қамту, білім беру, медициналық қызмет көрсету сапасы да ақсап тұр. Жергілікті атқарушы билік өкілдері проблема шешіледі, Тек кезең-кезеңімен дегенді алға тартып отыр.


Ақмаржан Ғафизқызы


Хабарламаларға жазылу