Ақтауда салынып жатқан тұрғын үйдің бесінші қабатындағы тас еден опырылып, жертөлеге бір-ақ түскен. Салдарынан астындағы барлық қабаттың бетон жабындылары қирап, күл-талқаны шықты.
Абырой болғанда ешкім зардап шеккен жоқ. Бірақ оқиғаны бейнежазбаға түсірген жұмысшы өзінің бір өлімнен қалғанын айтады. Төтенше оқиға «Самал» тұрғын үй кешенінде болған. Ғимараттың 5-қабатын жабу кезінде шамамен 2 тонналық бетон құлаған. Жалпы тұрғын үй 135 пәтерге шақталған. Салымшылар болған жайтқа алаңдап, наразылық білдіруде. Ал құрылыс басқармасының мәліметінше, тұрғын үй кешенінің құрылысы заңды. Бірақ осы оқиғадан кейін үйге кешенді тексеру жүргізіліп, құрылыс техникалық қорытындысы жасалмақ.
Аманбибі Сахиева, Ақтау қаласының тұрғыны:
Осы жерден пәтер алдық. Енді соны қорқып отырмыз. Ақшасын не істейміз бөліп төлемей, толық төледік. Балалар да қорқып отыр енді барамын ба, бармаймын ба деп. Талабым үйді жөндеп салсын үй болатын болса, болмаса ақшаларымызды қайтарсын.
Дәурен Өтепқали, Маңғыстау облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы:
Ең қиындық тудырып тұрғаны, бұл құрылыс салушының оқиғаны тез арада жасырын түрде жинақтап алған материалдарды. Бірақ соған қарамастан тексеріс қорытындысы бойынша біздер тиісті баға береміз.
Аягөз Оралбайқызы