Алматыда қызылша жұқтырғандар азаймай тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда қызылша жұқтырғандар азаймай тұр

05.09.2023

Алматыда қызылша жұқтырғандар азаймай тұр. Наурыздан бері 1 мың 200-ден астам адам ауырған. 180 - ге жуығы ауруханада жатыр. Вирус жұқтырған науқастың дене қызуы көтеріліп, мұрыннан су ағып, кейде жөтеліп, бөртпе түрінде көрінеді. Ауа арқылы тез тарайды. Дәрігерлер, баланың денесі бөртіп, қызуы көтерілсе бала-бақша мен мектепке жібермеуге кеңес береді. Өйткені, дәл осы кезде вирус тарату қаупі жоғары. Қазір инфекцияны өршітпеу мақсатында алматылық дәрігерлер науқастармен қарым-қатынаста болған тұрғындарды жіті қарап, медициналық бақылауға алған. Тіпті оларға тегін екпе салып беруге әзірміз дейді. Бірақ, вакцина алғандардың саны аз. Мегаполистегі ахуалды әріптесім Әйгерім Ердәулет баяндап беруге әзір. 

 Әйгерім Ердәулет, тілші:

Қазір ауруханада жатқан науқастардың жағдайына тоқталсам. Бүгінде стационарда 142 бала мен 21 ересек адам жатыр. Балалардың ішінде 1 жасқа толмаған 26 нәресте бар. Дәрігерлер олардың жағдайын орташа ауырлықта деп отыр.

Салтанат Айбосынова, қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары:

Науқастың алғашқы 4 күн температурасы болады. Бөртпе пайда болады. 5 - 6 күні бөртпе төменгі бөлігіне түскен кезде нуқастың қоғамға ешқандай зияны келмейді. Сол уақытта науқас амбулоториялық емге жіберіледі. Тегін екпе жеткілікті. 2023 жылға жоспарланған сәбилерге, балаларға бізде бәрі бар.

 Әйгерім Ердәулет, тілші:

Мамандар, қызылшаға қарсы екпе салдырған адамның ағзасында 7 - 10 күннің ішінде вирусқа қарсы иммунитет түзілетінін айтады. Сондықтан, эпид ахуалды ескеріп, екпе салдырған жөн деп отыр. Ал наурыздан бері вирус жұқтырғандардың көбі вакцинаны алмапты. Тегін екпе сәбилерге 12-15 айында салынса, ревакцинация 6 жасында жүргізіледі. Сондай-ақ, науқаспен контактіде болған адамдарға да тегін екпе салынады дейді дәрігерлер.

Әсел Әлтаева, қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бас маманы:

Соңғы айда 128 зертханалық жағдай тіркелген. 14 жастағы балалар арасында 108 жағдай тіркелді. Қызылшаға, қызамыққа қарсы 48 634 адам егілді. Оның ішінде 1 жастағы балалар 18 мың 634 бала және 6 жастағы 18 964 бала.

Әйгерім Ердәулет, тілші:

Мегаполисте 2 миллионнан астам тұрғынның бар екенін ескерсек, екпе алғандардың саны тым аз. Ал бұл вирусты жұқтырмаудың жалғыз жолы вакцина салдыру дейді мамандар. Айтпақшы, былтыр қаламызда қызылшамен ауырғандар мүлдем тіркелмепті. Эпид ахуал басылғанша, бұл мәселе біздің де назарымызда болады.


Хабарламаларға жазылу