Елордада Қазақстан Республикасы ұлттық спорт түрлерінен 6-фестиваль басталды. Байрақты бәсекеге еліміздің барлық өңірінен 1300 спортшы қатысуда. Фестивальдің бағдарламасына биыл тұңғыш рет дәстүрлі садақ ату спорты қосылып отыр.
Қатысушылар бұдан бөлек асық ату, аударыспақ, бәйге, көкпар, қазақ күресі, құсбегілік, теңге ілу сияқты ұзын саны 11 спорт түрінен сынға түседі. Ұлттық ойындарымызды дамытуды көздеген додаға 17 облыс пен 7 қаланың спортшылары келген. Алайда, ұйымдастырушылар Алматы қаласы мен Ақтөбе облысының 6 спорт түрінен ғана қатысушы жібергеніне қынжылыс білдіруде. Жалпы, фестиваль нәтижесі бойынша өңірлердегі ұлттық ойындарымыздың даму деңгейі анықталатын болады.
Бақдәулет Сәбитов, Ұлттық және ат спорты түрлері орталығы директоры:
Фестиваль нәтижесінде еліміздегі ұлттық спортты жоғары деңгейде дамытып отырған үздік үш өңірді біз анықтайтын боламыз. Фестиваль бағдарламасындағы барлық жеңістер, алынған орындар баллмен есептелетін болады. Нәтижесінде, бірінші орыннан 20-орынға дейінгі бүкіл өңірлердің деңгейін анықтайын боламыз.