Құлдыраған рубль: Қазақстан экономикасына әсері қандай? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Құлдыраған рубль: Қазақстан экономикасына әсері қандай?

03.09.2023

Қазір дүние қысқа күнде қырық құбылып тұр. Әлемдік геосаясатта тектоникалық өзгерістер болып жатқанға ұқсайды. Салдары да аз емес. Алыс-беріс, сауда-саттық бағыттары өзгере бастады. Отандық медиа «Санкция салқыны» дейтін ұғымды жиі пайдаланатын болдық. Мемлекет те алыптардың текетіресіне ұқсаған оқиғаларда қосақ арасында бос кетпеудің қамына кіріскен. Сауда-саттық пен тасымалдың балама бағыттарын іздеп жатыр.

Осы аптадағы маңызды жаңалық: «Қазмұнайгаз»-дың теріскейдегі көршіні айналып өтіп, Каспий арқылы мұнай тасымалдау үшін екі танкерді сатып алуы. Олардың сыйымдылығы 8 мың тоннаға жетеді. Ал Қара теңізбен экспорттау үшін бұдан сыйымдылығы он есе көп тағы екеуін аламыз деп отыр. Шамасы қазақ мұнайын Баку-Супса бағытымен Қара теңізге шығарып, одан әрмен Еуропаға жеткізуді мұрат тұтсақ керек. Әрине, бұл жол Новороссийск арқылы өтетін Каспий құбыр консорциуымымен әзірге бәсекелесе алмайтыны түсінікті.

Мұнайдың басым бөлігі КТК-мен тасымалданатынын білеміз. Былтыр Қазақстан мұнайының 80% КТК арқылы экспортталды. Дегенмен, алдыңғы жылмен салыстырғанда тасымал көлемі 1%-ға төмендегенін ескерсек, «айбалтаң жаныңда болсын» деген тәмсілге жүгінген де керек шығар?! Энергетика вице-министрі Ерлан Ақкенженов жаңа танкерлердің сатып алынуын «Астана мұнай тасымалы үшін балама бағыттарды зерттеп жатыр» деп түсіндірген.

Бұл орайда тағы бір мән берерлік дерек: бір жылда Ресейді айналып өтіп, жеткізілген мұнай көлемі бұрынғы жағдаймен салыстырғанда 56% артыпты. Оған «Баку-Тбилиси-Джейхан» бағыты сеп болған. Қазақстан мұнайы осы балама бағыт арқылы экспортталып жатыр. Бүгінге дейін 300 мың тонна жөнелтіліпті. Жыл соңына дейін көрсеткіш 1,5 млн тоннаға жетуі тиіс.

Бұл да теңізге тамған тамшыдай ғана. Өйткені КТК-мен 40 млн тоннадай тасымалданған. Транскаспий дәлізін жетілдіруді былтыр Президент тапсырған еді. Өткен жылы наурызда КТК-да үш құрылғының екеуі істен шықса, тамызда тағы да ақау анықталып, тасымал көлемі азайғаны есте шығар?! Енді биыл тамызда Новороссийскте жарылыстар болды. Каспий құбыр консорциумының инфрақұрылымына зақым келмесе де, соғыс аяқталмайынша қауіп сейілмейтіні түсінікті...Дегенмен, қым-қуыт шақта есікті құлыптап қойып, тым-тырыс отыру да әбестік болар?! Президент те Жолдауда осыны меңзегендей. «Экономикамыз басқа елдерге әрдайым ашық болуға тиіс. Бірақ ұлттық бизнестің мүддесін қорғау керек», - деді ол. Әрі теріскейден соққан салқын жел Қазақстанның да экономикалық климатына әсер етпей қоймайтыны бар.

Тамызда рубль құлдырап кетті. Қазақстан экономикасын не күтіп тұр? Мұны сәлден соң сарапшымен талқылаймыз. Әзірге ресми Мәскеудегі жағдайды тілшімізден білейік. Индира, кеш жарық. Ресейлік сарапшылар ұлттық валютасының төмендеуіне байланысты қандай қорытынды шығарып жатыр? Болжамдар қандай?

Ресейдің орталық банкі коммерциялық банктерге беретін кредитке қосылатын проценттің мөлшер шегін 8,5% - тен 12%-ке көтерді. Бұдан басқа үкімет тығырықтан шығудың қандай жолдарын қарастыруда?

Ал енді бұл жағдайдың Қазақстан экономикасына әсерін Айбар Олжайдан сұрап білдік. Экономистің ойынша, рубльдің құбылып тұруы теңгеге де, нарыққа да әсер етпеуі тиіс.

Президент Жолдауда Ұлттық банк инфляциямен күресу үшін базалық мөлшерлемені жоғары деңгейде ұстап тұрғанын айтып, мұның пайдасын банктер көріп жатқанын сынға алды. Жақында ғана Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 2020 жылдан бері алғаш рет төмендетті. Бұл қадам инфляцияға кері әсер етпей ме?-деген сауал туындады. Сарапшы мөлшерлеме 0,25-0,5 пайызға төмендегендіктен, қазіргі жағдай өзгере қоймауы тиіс,-деп отыр. Президенттің ЖІӨ-ді 2029 жылға дейін 450 миллиард долларға жеткізу бойынша міндеті жайлы да экономистен сұрап білдік.


Хабарламаларға жазылу