Геосаяси ахуал Қазақстан экономикасына қалай әсер етті? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Геосаяси ахуал Қазақстан экономикасына қалай әсер етті?

26.02.2023

Геосаяси ахуал тұтас жаһан экономикасына кері әсер еткені белгілі. Әлемдік өндіріс көлемі былтыр 1,6 трлн долларға кеміген. Осы аптада Неміс экономикасы институты осындай мәлімет таратты. Шетелдік сарапшылар бір жылда инфляцияның өсіп, энергия көздері қымбаттағанын жазып жатыр. Олардың болжамынша, биыл да әлемдік экономика 1 трлн доллар шығынға батуы мүмкін. Бірақ тауар мен энергетика нарығындағы шиеленіс бәсеңдейді деп жорамалдайды. Геосаяси ахуал Қазақстан экономикасына да ауыр тиді. Былтыр инфляция 20 пайыздан асып кеткен еді. Мұндай көрсеткіш кейінгі 15 жылда болмаған. Жақында Ұлттық банк қазақстандық бизнесмендер арасында сауалнама жүргізген. Оған қатысқан кәсіпкерлердің жартысы (50,5%) геосаяси ахуал кері әсер еткенін айтқан. Оның 11,2 пайызы «едәуір деңгейде жапа шектік» деп жауап беріпті. Ал кәсіпкерлердің 44 пайызы геосаясаттың еш әсері болған жоқ деп есептейді. Сауалнамаға 3300-ден астам компания қатысқан екен. Оның жартысына жуығы ірі және орта бизнеске жатады.

Дегенмен, Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Қазақстан экономикасы былтыр 3,1 пайызға өскенін мәлімдеген еді. Бұған көмірсутегі шикізаттарының нарықта қымбаттағаны сеп болыпты. Иә, былтыр Каспий құбыр желісіндегі бірнеше апатқа қарамастан, Қазақстан мұнай экспортынан 47 млрд доллар табыс тапқан. Бұл 2021 жылғы табыстан 1,5 есе көп. Алайда экспортталған мұнай көлемі, шамамен, 1 пайызға азырақ. Қазақстан экономикасына жақсы әсер еткен тағы бір фактор: реимпорт пен халықаралық компаниялардың релокациясы болды дейді сарапшылар.


Хабарламаларға жазылу