Жаңа саяси маусым: Жолдаудан халық не күтеді? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жаңа саяси маусым: Жолдаудан халық не күтеді?

03.09.2023

Қауіпсіздік ұғымының сан қыры бар. Соның бірі – энергетикалық қауіпсіздік. Қазақстан су тапшылығын қазірден сезіне бастаса, электр қуатының жетіспеу алдағы жылдары сезілуі мүмкін. Мамандар солай дейді. Содан да болар ақпарат құралдарында Атом электр станциясының құрылысына мәселе жиі көтеріліп жүр. 

Президент бұл мәселеге қатысты жалпыұлттық референдум өткізуді ұсынды. Елдің болашағына қатысты аса маңызды стратегиялық мәселе референдум арқылы шешілетінін Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы сайлау алдында уәде еткен еді... Қашан өтетіні әлі белгісіз. Бірақ сарапшылар ондай үлкен науқанға дейін әр жерде кішігірім қоғамдық тыңдаулар өткізу керек дегенді айтып та, жазып та үлгеріп жатыр...Жаңа саяси маусымды ашқан Президенттің халыққа Жолдауындағы өзге де маңызды бағыттар мен ұсыныстарды Данияр Қайыртай талдайды. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Осы Жолдауда айтылатын міндеттің бәрі үш жылдың ішінде орындалуға тиіс.

Данияр Қайыртай, тілші:

Жаңа экономикалық саясатқа көшудің нақты мерзімі белгіленді. Ал сол реформаға ұшырайтын негізгі сала – өңдеу өнеркәсібі. Үнемі айтылатын «экономиканы әртараптандыру» ісі де осыған негізделуі керек, деді Мемлекет басшысы. Ол үшін өндірушілер шикізатты сыртқа саудалай беруді қойып, отандық өңдеушілер үшін бағасын төмендетіп, әрі жеткілікті көлемде сатуы керек. Басқаша айтқанда, протекционизмге, яғни ұлттық бизнестің мүддесін қорғау саясатына көшуді меңзеп отыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Дүниежүзілік сауда ұйымының бағалауынша, біздің елдегі ішкі нарықты қорғау деңгейі төмен, небәрі 128 тарифтік емес шара. Сондықтан біз сауда-саттық саясатында жаңа әрі батыл қадам жасауымыз керек.

Данияр Қайыртай, тілші:

Бұл бастаманы экономист Олжас Құдайбергенов АҚШ-та осыдан 90 жыл бұрын қабылданған заң мен бертінге дейін қаулы-жарлықтармен жаңғыртылып келе жатқан «Америкалық өнімді сатып ал, америкалықты жұмысқа жалда» саясатына ұқсатады. Әрі ақылға қонымды протекционизм бізге де артық етпейтінін жазады әлеуметтік желідегі парақшасында.

Президент өнеркәсіптегі қауіпсіздік мәселесіне де жеке тоқталды. Бұл тақырып – «Арселор Миттал Теміртауға» қарасты шахтадағы төтенше жағдайдан кейін аса өзекті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Жұмысшылардың өндірісте мертігуі және қазаға ұшырауы көп болып кетті. Үкімет кәсіпорындардың технологиялық және экологиялық ахуалын, денсаулық сақтау жүйесін жақсарту үшін батыл шаралар қабылдауы қажет. Сондықтан ірі өндіріс кәсіпорындары 5 жыл сайын технологиялық және экологиялық аудит жасауы керек.

Данияр Қайыртай, тілші:

Мемлекет басшысы жерде сирек кездесетін металл кеніштерін игеруді басты бағытқа айналдыруды тапсырып, оны «жаңа заманның мұнайына» теңеді. Ал бұл жер асты қазба байлығына Еуропа нарығы зәру. Оны ЕуроОдақ Президенті Шарль Мишель былтырғы, ал Германия Президенті Штайнмайер осы жаздағы Қазақстанға жасаған сапарларында ашық айтты. Қазір түрлі деңгейде уағдаластыққа қол жеткізілгені де белгілі. Демек сирек металл игеруге келетін еуропалық инвесторларға біздің Үкімет жеңілдік беруі мүмкін.

Инвестициясыз Ішкі жалпы өнім өспейді. Ел экономикасын дамытуға, тіпті, банктердің өзі атсалысып отырған жоқ. Олар тұтыну несиесімен әуестеніп кеткен. Соның кесірінен, Үкімет нарық заңдылықтарынан аттап, экономиканы тікелей қаржыландыруға не субсидиялауға мәжбүр. Енді корпоративті секторға несие беру көлемі жыл сайын кемі 20 пайыз өсіп отыруы керек деп міндеттеді Президент.

Қайырбек Арыстанбеков, Экономикалық саясат институтының директоры:

5 жылда ЖІӨ бізде 14 пайызға ғана өсіпті. Ал банк секторының табысы 3 есе ұлғайған. Көрдің бе, әділетсіздік! Сондықтан секторлар арасындағы теңсіздікті қамтамасыз ету бойынша тапсырмалар берілді.

Қазақстандағы 21 банктің экономикалық жобаларды қаржыландыруға құлқы болса да, қауқары жоқ. Сондықтан, Мемлекет басшысы, шет елден сенімді үш банк тартуды тапсырды. Ал салалық агенттік бірнеше қаржы ұйымымен келіссөзді бастап та кеткен.

Мәдина Әбілқасымова, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы:

Мысалы, көршілес елдерден бе, ол инвесторлар? – Жоқ, Ресейден емес. Еуропадан немесе басқа Араб мемлекеттерінен. Бірнеше инвесторлар бар.

Қ.Тоқаев аймақтар республикалық бюджетке тәуелділігін бірте-бірте азайтуы керек деп есептейді. Қазір жергілікті бюджет кірісінің 50 пайызға жуығы орталық қазынаға тиесілі. Оны орта есеппен екі есе төмендету міндеті жүктелді. Ол үшін, Президент, қосымша құн салығынан түсетін кірісті өңірлердің өзінде қалдыруды ұсынды.

Қайырбек Арыстанбеков, Экономикалық саясат институтының директоры:

20 облыс пен 3 қаланың үлес салмағы бюджетте, шамамен, 30 пайыз. Ал республикалық бюджеттің үлес салмағы 70 пайыз. Яғни бізге бюджеттік саясатты орталықсыздандыру режиміне өту керек. Өйткені әр өңір өзі жақсы біледі, нені қаржыландыру керек.

Бұдан бөлек, аудан әкімдеріне жергілікті бюджетті өздігінше басқару құқығы берілмек. Сарапшылар мұны «билік жылдар бойы бата алмай келген батыл бастама» деп сипаттады.

Оразғали Селтеев, Еуразиялық интеграция институтының директоры:

Сонда әкімдер өз жұмысының тиімді болуына, шағын және орта бизнеске жағдай жасауға мүдделі болады. Өйткені олар осы арқылы салық түсімі молаятынын түсінеді.

Жолдауда Президент «аудан және облыстық деңгейдегі қала әкімдерін сайлап көреміз» деп алда ауқымды саяси науқан болатынын аңдатып қалды. Оған Орталық сайлау комиссиясы да сақадай саймыз деп отыр.

Нұрлан Әбдіров, ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы:

Қай облыстарда және қай аудандарда болатынын, ол сұрақтың бәрін шешетін жергілікті облыстық мәслихаттар. Менің ойымша, республиканың барлық өңірінде өткені дұрыс болар. Осы жылдың соңына дейін сайлау өтеді деп айта аламыз ба? – Біз де солай болжап отырмыз.

Данияр Қайыртай, тілші:

Кезекті жылыту маусымы жақындап қалды. Былтыр қыста бірқатар өңірдің жылу электр станцияларында болған апат қайталанбауы керек. Мұншалықты тозған инфрақұрылыммен жаңа экономикалық модельге көшу мүмкін емес, деп Президент жылдар бойы шешілмеген мәселені сынады. Әрі энергетикалық қауіпсіздік мәселесінде мейлінше өз ресурстарымызға арқа сүйеу қажеттігін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Түптеп келгенде, Қазақстан электр қуатын басқа жақтан алмауға тиіс, яғни көршілес елдерге тәуелді болмауы керек. Бұл – ең алдымен, мемлекеттік қауіпсіздік мәселесі.

Данияр Қайыртай, тілші:

Ал көлік-логистика саласының әлеуетін толық пайдалануды Президент «стратегиялық маңызы бар міндет» деп сипаттады. Тіпті, саланы жеке ведомство етіп шығарды. Себебі түсінікті де. Украинадағы ахуал әлемдік логистиканы өзгертті. Ал Қазақстан – тоғыз жолдың торабы десе болады. Қытай да, Еуропа да бізді транзиттік ел ретінде көре бастады. Мемлекет басшысы кейінгі бір жарым жылдағы сапарларында да, халықаралық жиындарда да сөйлеген сөзінде Транскаспий дәлізіне лобби жасап жүргендей көрінетіні сол. Әйтсе де бәсеке күшті. Мүмкіндікті Өзбекстан мен Қырғызстан да пайдаланып қалғысы келеді. Сондықтан:

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

«Достық-Мойынты», «Бақты-Аякөз», «Дарбаза-Мақтаарал» бағытындағы ірі теміржол жобаларын сапалы жүзеге асыру қажет. Оның қатарында Алматыны айналып өтетін темір жол желісі де бар.

Данияр Қайыртай, тілші:

Осылайша Президент алдағы 3 жыл ғана емес, 2029 жылға дейінгі елдің экономикалық бағдарын айқындап берді. Мақсат – 6 жылда ішкі жалпы өнім көлемін 450 млрд долларға жеткізу. Былтыр бұл көрсеткіш 225 млрд доллар болған, демек екі есе өсіру міндеті тұр. Ол үшін экономика жыл сайын жоқ дегенде 6 пайыздық өсім көрсетуі керек. Стратегиялық бағыт егжей-тегжей есептелді деді Президент. Енді тактикалық қадамдарда шалыс баспау керек деп, атқарушы билікке емеурін танытқаны ма?

Данияр Қайыртай


Хабарламаларға жазылу