Жолдау: 5 жастан асқан балаларға арналған жинақтау жүйесі құрылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жолдау: 5 жастан асқан балаларға арналған жинақтау жүйесі құрылады

01.09.2023

Президент Жолдауда халықты әлеуметтік қолдау тетіктерін ширатуға да басымдық берді. Соның бірі - 5 жастан асқан балаларға арналған «Келешек» атты бірыңғай ерікті жинақтау жүйесін енгізіледі. Сонымен қатар, жаңа жылдан бастап ең төменгі жалақы мөлшері өседі.

Дарын Сағитов, тілші:

Президент әуелі елде демографиялық өсімнің нәтижесінде білімге сұраныс артып келе жатқандығын айтты. Бұл ретте мемлекеттің білім саласына қатысты жұмысында тұтастық жоқ. Сондықтан осындай жинақтау жүйесін құру маңызды деді. Бұл бағдарламада мемлекет тарапынан ұсынылатын бастапқы білім беру капиталы, жыл сайынғы мемлекеттік сыйақы және инвестициялық табыс қарастырылады. Аталған жинақ пен «Ұлттық қор – балаларға» жобасының қаражаты қосылғанда жас ұрпақтың сапалы білім алуына мүмкіндік туады. Президент зиянды еңбек жағдайында ұзақ уақыт жұмыс істеп жүрген адамдарды әлеуметтік қолдау тетіктеріне де тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бұл бұрыннан талқыланып жүрген мәселе болатын, енді шешімі табылды. Оның мынадай өлшемдері бар. Жұмысшылардың осы саланы дамытуға сіңірген еңбегі және денсаулығына зиян келгені ескеріле отырып, оларға зейнет жасына толғанға дейін, атап айтқанда, 55 жастан бастап арнаулы әлеуметтік төлем төленеді. Парламенттен Үкіметтің ұсыныстарын жедел қарауды сұраймын. Азаматтар осы мәселе шешімін табады деп күтіп отыр.

Ең төменгі жалақы мөлшері 85 мың теңге болады

Елде ең төменгі жалақы да өсетін болды. Президент азаматтардың табысын арттыру үшін 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы мөлшерін 85 мың теңгеге көтеруді тапсырды. Айта кетсек, ең төменгі еңбекақыныңі мөлшері үш жыл ішінде екі есе көбейді. Бұл шара 2 млн-ға жуық адамның, оның ішінде бюджет саласында еңбек ететін 350 мың азаматтың әл-ауқатын арттыруға септігін тигізеді. Ең төменгі жалақының мөлшері біртіндеп өсе береді. Президент еңбек нарығын жан-жақты дамыту үшін Үкіметке қысқа мерзімде 2030 жылға дейінгі кешенді жоспарды бекіту қажеттігін де айтты.


Дарын Сағитов

Хабарламаларға жазылу