Басты Жаңалықтар Шымкентте қоғам дамуына кепіл болған Конституция негіздері ұлықталды

Шымкентте қоғам дамуына кепіл болған Конституция негіздері ұлықталды

«Ұлы дала шежіресі – Ата Заң». Осындай атаумен Шымкентте салтанатты жиын өтті. Шарада азаматтардың еркіндігі мен қоғам дамуына кепіл болған Конституция негіздері ұлықталды.

Қазақ хандығының құрылуы. Исі қазақты ұйыстырып, жүрекке жігер, бойға өршіл рух сіңірген Ордабасы тауындағы құрылтай. Абылай хан мен Әз-Тәукенің билік құрған кезеңі. Жеті жарғының қабылдануы. Мерекеге орай сахнада дала заңына бағынған көшпенділер өмірінің осындай тарихи кезеңдері бейнеленді. Зәулім сарайда көк Туымыз желбіреп, Елтаңба ардақталды, Әнұран шырқалды.

Бекет Тұрғараев, Қазақстанның Құрметті Судьясы:

Конституциялық сот заңымыздағы адам құқына заңдардың кері келетін жағдайы болса, соны түзетуге жұмыс істейді. Бұл нағыз әділеттілік болды.

Шымкент бүгінде еліміздегі ең қарқынды дамып келе жатқан аймақ саналады. Республикадағы дербес қала мәртебесіне ие болған 5 жылдың ішінде өңірлік өнім көлемі 3, 6 триллион теңге жетті. Ол жыл сайын 4 пайызға өсіп келеді. Қала қазынасы 551 миллиард теңгеден асып жығылды. Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов жұртшылықты мерекемен құттықтап, Ата заңымыздың қалыптасу тарихына тоқталды.

Мұрат Әйтенов, Шымкент қаласының әкімі:

Конституциямыз өркениетті мемлекеттердің барлығына тән демократиялық қағидалармен толық қамтылып отыр. Олай болса Ата заңға деген құрмет, болашаққа деген сеніміміз бен ұлттық модернизацияға болған ұмтылысымздың қайнар көзіне айнала берсін.

Мерекелік жиында қоғамның әр саласында ерен еңбек етіп, ел дамуына үлес қосып келе жатқан азаматтар марапатталды. Шара соңы мегаполистегі өнер майталмандарының концертіне ұласты.

Ғани Қалмаханов

Бөлісу