Ақтөбеде трансформаторлар тозғандықтан 400-дей тұрғын қараңғылықта отыр
Ақтөбеде 400-ден астам тұрғын үй бір апта бойы қараңғылық құшағында отыр. Соңғы тәуліктерде күннің күрт суытуы жығылған үстіне жұдырық болды. Өйткені бұл үйлерде жылу тоқпен ғана беріледі. Ал жауаптылар болса, жарықтың жоқтығына электр желілерінің ескіргені себеп дейді.
Бекзат Жүсіпбекованың айтуынша, жарық айына жоқ дегенде екі-үш мәрте сөнеді екен. Ал бұл жолы қараңғылықта қалғандарына бір апта болды. Тоңазытқыштағы ас-ауқаттары түгел бұзылған. Ал кішкентай балалары бүрсеңдеп тоңып жатыр.
Бекзат Жүсіпбекова, қала тұрғыны:
Мынау масқара ғой, от жағуымыз керек, үйде кішкентай балалар бар. Мотор әкеліп, жарық жағып отырмыз. Күніне 2 мың теңгеге бензин құямыз, ақша шақ келмейді.
Бұл бұрынғы саяжай аумағы. Дегенмен қазір барлық учаскеге тұрғын үйлер салынып, үлкен елді мекенге айналған. Тұрғындар май шам мен генератор қосып амалдап отырғандарын айтады.
Марат Нәжім, қала тұрғыны:
Ешкім көмектеспейді. Мен қайта мотор сатып алдым. Ол не, бензин қоймайды, тоңазытқышты бәрібір көтермейді. Сол, отырмыз. Ет деген сасып жатыр, сүт ашып кетіп жатыр, май ағып жатыр, көршілердің бәрі солай отыр.
Амалы таусылған тұрғындар облыс әкімдігіне келіп көмек сұрады. Жауаптылар электр желісіндегі ақау бірнеше күннен бері табылмай жатқанын алға тартып отыр. Оның үстіне бұл аумақтарға жеке компания қызмет көрсететіндіктен, арнайы сараптама жасайтын құрылғыларды әкелу де қиынға соғып отыр. Желілерді мемлекет қарауына өткізу мәселесі де күн тәртібінде тұр.
Медет Ысқақов, Алматы ауданының әкімі:
Оның көбі сол 90 жылдардағы трансформаторлар. Оларды тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы балансына аудару үшін алдымен бір жыл хат жазу керек. Бұл бір жыл пайдаланылмай тұру керек, сосын барып тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы өз балансына алады.
Елді мекенге жарық берілді. Дегенмен тұрғындар бұл жағдайдың жуық арада қайталанбайтынына ешкім кепілдік бермейді дейді.
Жақсыбек Кемал, тілші:
Жауаптылардың айтуынша, бұл аумақтағы трансформаторлардың 90 пайыздан астамы әбден ескірген. Өздеріңіз көріп тұрсыздар, электр желілері де талапқа сай жалғанбаған. Сондықтан тұрғындар мәселені тез арада шешіп беруді талап етіп отыр.
Жақсыбек Кемал
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
