Атырауда 8 мың баланы қамтитын инновациялық екі мектеп ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атырауда 8 мың баланы қамтитын инновациялық екі мектеп ашылды

31.08.2023

Атырауда жалпы сыйымдылығы 8 мың баланы қамтитын соңғы үлгідегі екі жайлы мектеп ашылды. Инновацияға негізделген оқу нысанына - Дінмұхамед Қонаев пен Әбу Насыр әл-Фарабидің есімі берілді. Әр қайсысында екі ауысыммен 4 мың оқушы білім алады. Аумағы 22 мың шаршы метрді құрайтын ағарту ордасында 94 кабинет, оның ішінде физика, химия, биология бойынша 6 кеңейтілген зертхана бар. Бұдан өзге, мұнда мультимедиа сыныбы, 300 орындық акт залы, түрлі үйірмелерге арналған кешендер мен кітапхана қарастырылған. Айта кеткен жөн, аталған заманауи мектеп қаладағы үш ауысымда оқыту проблемасының шешілуіне ықпал етеді.

Әли Темірхан, оқушы:

Ұстаздары жақсы. Замануи стильде салынған.

Ақмоншақ Ахмедьярова,  мұғалім:

Барлық кабинет жабдықталған. Біздің дәліздерімізде мынадай шкафтар тұр. Жай шкаф емес, әрқайсында керемет нақыл сөздер жазылған. Балалар үзіліс кезінде осылардың барлығын қарап, оқып, өздерінің танымдық қасиеттерін жоғарлатуына өте пайдалы.

Білім күні Атырау қаласында қоғамдық көліктер жолаушыларға тегін қызмет көрсетеді. Бұған қаладағы жалпы 3 автопарктің 30 бағытқа қатынайтын 220 автобусы жұмылдырылды. Айта кетейік, облыстағы 220 мектепке 15 мыңға жуық бала 1-сыныпқа барады.

Жандос Темірғали




Хабарламаларға жазылу