Қызылорда облысында заманауи спорт кешені ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылорда облысында заманауи спорт кешені ашылды

29.08.2023

Сыр өңірінде әлеуметтік нысандар көптеп бой көтеруде. Соның бірі Қызылорда қаласының іргесіндегі Жақыпбек Махамбетов ауылында заманауи спорт кешені ашылып, халықтың көптен күткен тілеуі орындалды. Еңселі ғимарат «Самұрық-Қазына» қорының 15 жылдығына орай ауыл тұрғындарына тарту етіліп отыр.

Жақыпбек Махамбетов ауылы Қызылорда қаласына іргелес орналасқан. Бірақ соңғы үлгідегі спорт нысаны ауылдағы ағайынға алабұртқан арман еді. Елді-мекенде спортқа бейім жастар көп. Олар облыс орталығына барып дайындықтарын пысықтайтын. Болашақ чемпиондар енді алысқа ұзамай жайлы залда жаттығатын болады.

Нұрлыбек Нәлібаев, облыс әкімі:

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, аймағымызда спорт саласын дамытуға айрықша көңіл бөлінуде. Ел Президентінің бастамасымен өткізілген «Балалар жылында» демеушілер 1 млрд. 600 млн. теңгенің 80 спорт-ойын алаңын балдырғандарға тарту етті. Соның 50-і Қызылорда қаласында орнатылды. Демеушілер бұл жұмыстарды биыл да жалғастырды.

Заманауи кешен «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының демеушілігімен салынған. Аталмыш құрылымның қаржыландыруымен биыл тағы 4 спорт кешені еліміздің әр аймағынынан бой көтермек. Сыр өңірінде алғаш болып ашылды. Аумағы 1504 шаршы метрлік жаңа спорт кешені салауатты өмір салты секцияларын ұйымдастыруға және спорттық шараларды өткізуге арналған.

Диас Қанжарбекұлы, оқушы:

Біздің жаттығатын жер тар еді, мына жақ кең екен. Жуынатын, киінетін бөлмелері кең. Алда әлем чемпионы болуға сөз беремін.

Өңірде жыл басынан бері 7 спорт нысаны ашылды. Енді жыл соңына дейін тағы 6 кешен ел игілігіне пайдалануға берілмек.

Елжас Әбділда

Хабарламаларға жазылу