Семей тұрғындары мен шетелдік меймандар «Өлімнен де күшті» монументіне гүл шоқтарын қойды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Семей тұрғындары мен шетелдік меймандар «Өлімнен де күшті» монументіне гүл шоқтарын қойды

29.08.2023

Дәл бүгін қазақ даласына қасірет тарттырған Семей сынақ полигонының жабылған күні. Абай жерінде атом аждаһасының үні өшкелі тура 32 жыл болды. Алайда жарылыстардың жаңғырығы зардап шеккен халықтың жүрегінен әлі өше қойған жоқ. Жыл сайын 29 тамызда Семейде дәстүрлі «Бейбітшілік» акциясы өтеді. Барша әлем елдерін бейбіт өмірге үндейтін шара жайлы Ержан Жақып баяндайды.

Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күніне орай шараға қала тұрғындары мен шет елдерден келген меймандар қатысты. «Өлімнен де күшті» монументіне гүл шоқтары қойылып, көпшілік полигон құрбандарын бір минут үнсіздікпен еске алды.

Атом сынақтары тоқтағалы, қазақ елімен тағдырлас Жапонияның Хиросима, Нагасаки қалаларындағы бірнеше ұйым семейліктермен тығыз қарым қатынаста. 30 жылға жуық жүргізілген сынақтардың зардаптардын зерттеп, оңалту жұмыстарына көмек беріп келеді.

Нориюки Кавано, Хиросима Университетінің профессоры:

Семей жеріндегі болған сынақтардың зардаптарын зерттегелі 20 жыл болды. Осындағы әріптестермен тығыз қарым-қатынастамыз. Жапон мемлекеті бүкіл әлемде жаппай қырып жою қаруларын болдырмау идеясын қолдайды. Сондықтан Қазақстанның да, Күншығыс елінің де мүддесі бір.

40 жыл ойран салған ядролық сынақтардың кесірін 2 миллионға жуық адам тартты деген дерек бар. Ұрпақтан-ұрпаққа зиян әкелген кесапаттың кеселі әлі қанша жылға созылары беймәлім дейді ғалымдар.

Шалқар Байбеков, Абай облысы әкімінің орынбасары:

Бүгінде киелі тәуелсіздіктің арқасына, егемен елдің жаңа тарихы жазылуда. Дана халқымыз әділетті Қазақстанның берік іргесін қалап келеді. Ұлы Абай аманатына адал ұрпақтың ұйқысы тыныш, келешегі кемел, елдігіміз мәңгілік болсын!

Қазір Абай облысында атом сынақтарының салдарын жою мен оңалту үшін түрлі әлеуметтік-медициналық бағдарламалар қабылданған. Адамзаттың өз қолымен өзіне жасаған мұндай қастандығы енді ешқашан қайталанбасын дейді «Бейбітшілік» акциясына қатысушылар.

Ержан Жақып

Хабарламаларға жазылу