Қызылорда облысының мектептерінде аз қамтылған отбасындағы балаларға тегін тамақ беріледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылорда облысының мектептерінде аз қамтылған отбасындағы балаларға тегін тамақ беріледі

28.08.2023

Қызылорда облысында білім саласына бөлінген қаржы биыл 260 миллиард теңгеге жетті. Жыл соңына дейін өңірде жеті мектеп ел игілігіне беріледі. Мұнан бөлек, бірқатар білім ордалары заман талабына сай пәндік сыныптармен жабдықталады. Аймақ педагогтарының тамыз конференциясында жаңа оқу маусымы алдындағы міндет-жоспарлары айқындалды.

Өңірдің білім беру жүйесін жетілдіруге жергілікті билік жылдан жылға айрықша ден қойып келеді. Мәселен, бала саны күрт көбейген қаладағы 4 мектепте қосымша ғимарат салынып, үш ауысым мәселесі шешімін тапты. Ал апатты деп танылған 6 білім ошағы сүріліп, жаңадан бой көтереді. Сондай-ақ, кәсіпкерлер де білім саласына инвестиция құйып, бүгінде жеке мектептердің саны 24-ке жетті.

Нұрлыбек Нәлібаев, облыс әкімі:

Қызылорда қаласында физика-математика бағытындағы мектеп-интернат құрылысы басталды. Құны – 7,9 млрд. теңге. Қаланың сол жағалауында «ҚазГерМұнай» компаниясының қаржылай қолдауымен 350 орындық заманауи «Оқушылар сарайы» салынады.

Сыр өңірі 3-6 жас аралығындағы балаларды 100 пайыз балабақшамен қамтып отырған еліміздегі бірден бір аймақ. Облыста мемлекеттік және жеке меншік 600-ден аса бөбекжай бар. Биыл мектепке дейінгі білім беру ұйымдарындағы барлық педагог тегін курстардан өтіп, біліктілігін арттыруға мүмкіндік алды. Ең бастысы жаңа оқу маусымынан бастап балабақша тәрбиешілерінің жалақысы өседі.

Эльмира Нұрмағанбетова, балабақша меңгерушісі:

Педагогтердің осы қыркүйек айындағы еңбек жалақысының 30 пайызға көбеюі. Бұл дегеніміз олардың шабыттанып үлкен шығармашылықпен, педагогикалық жаңа бастамалармен жұмыс жасауына үлкен мүмкіндік деп ойлаймын.

Аймақта бастауыш сынып оқитын 70 мыңнан аса оқушы түгел ыстық тамақпен қамтылады. Мұнан бөлек, әлеуметтік тұрмысы төмен 5 пен 11 сынып аралығындағы 17 мың балаға да тегін тамақ беруге жергілікті бюджеттен қаржы қаралып отыр.

Әділбек Серікұлы


Хабарламаларға жазылу