Шығыста 400 шақырым жол жөнделеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шығыста 400 шақырым жол жөнделеді

25.08.2023

Шығыс Қазақстан облысында енді облыс пен аудандық маңыздағы жолдарды жөндеуге басымдық беріледі.Өйткені өңірдегі 5265 шақырым жолдың тең жартысының сапасы сын көтермейді. Сондықтан қара жолды қалпына келтіру бойынша бірнеше жылға арналған жоба жасалды. Ал биыл аймақта 400 шақырым жол орта жөндеуден өтті. Ол үшін жергілікті бюджеттен 20 миллиард теңге бөлінді.

Өскемен-Тарғын-Самар тас жолының биыл 15 шақырмы орта жөндеуден өтеді. Облыстық маңыздағы бұл жолмен үш ауданның халқы және жыл он екі ай туристер қатынайды. Тау арасындағы бұралаңы көп бұл жол бұған дейін бірде-бір рет толық жөнделмеген.

Кемелхан Айдаров, көлік жүргізушісі:

Қала екі ортадағы жолдарды жөндесе жақсы болар еді. Мына тұрған 50 шақырымнан қалаға жеткенше еңкең-еңкең етіп әрең жетеміз.

Қанат Қазанғапов, көлік жүргізушісі:

Мемлекеттен миллиондап ақша бөлінеді. Соларды дұрыстап істесе ғой. Былтардан бері ауданаралық жолдарды істеп жатыр екен. Соның енді сапасына мән берсе деймін.

Екі жүз шақырым болатын ескі жолды жаңғырту жұмысы бір апта бұрын басталды. Бүгінге дейін мердігер 5 шақырымына асфальт төседі. Қазір қара жолда 10 шақты техника мен 30 адам еңбек етіп жүр.

Бақытбек Қырқымбаев, учаске бастығы:

Ауа райы мүмкіндік берсе уақытында үлгереміз ба деп ойлаймыз. Зауытымыз бар.Техникамыз бар. Шамамыз жеткенше көліктерді тоқтатпауға, жолымызды салуға тырысып жатырмыз.

Жалпы облыста 5262 шақырым автокөлік жолы бар. Оның 1238-і республикалық, ал 1587-шақырымы облыстық маңызға ие. Аудандардың қарамағында 2440 шақырым жол бар. Биыл 392 шақырым жолды жөндеуге 20 миллиардтан астам теңге бөлінді. 8 миллиард теңгеге 11 көпір жаңартылмақ.

Олжас Керейхан, тілші:

Семей бөлініп Абай облысы құрылғанға дейін Шығыс Қазақстан аумақтық көлемі жағынан елімізде алғашқы бестікке енетін.Тарам-тарам жол да көп. Басым бөлігі облыстық маңызда. Алыс ауылдар мен аудандардың арасын қосатын бағытардың сапасы сын көтермейді. Ал соңғы 20 жылда көлік нөпірі 5 есеге артқан. Сондықтан былтырдан бастап кейбір жолдарды кеңейту басталды.

Тек күре жолдар ғана емес елдімекендердің ішіндегі көшелер де реттеліп жатыр. Бүгінге дейін жол жөндеу мен жамап жасқау жұмыстарының 50 пайызы істелді. Ал қара жолға асфальт қара суық түскенше төселеді.


Олжас Керейхан


Хабарламаларға жазылу