Ертең «Астана» «Партизани» командасын қабылдайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ертең «Астана» «Партизани» командасын қабылдайды

23.08.2023

Ертең Астана командасы Еуропа турнирлеріндегі жорығын жалғастырады. Конференция Лигасы аясында елордалық команда Албанияның «Партизани» футбол клубын қабылдайды. Футболшылардың дайындығы қалай?

Астана командасы биылғы кәрі құрлықтағы жарысын Чемпиондар лигасының іріктеуінен бастаған еді. Алайда жолы болмай еуропа лигасына түсіп, ол жақта да сүрінді. Ендігі үміт конференция лигасында.

Ерсін Ерік, спорт комментаторы:

Партизани командасы бұл Албанияның үшінші орын алған командасы. Өткен маусымда. Ал Астана болса Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы. Өткен маусымда да ғаламат өнер көрсетті. Команда да деңгейі жоғары ойыншылар бар. Құрам жағынан салыстырсақ Астана жоғары Партизанидан.

«Партизани» клубының тарихы бай болғанымен еурокубок ойындарына қатыспаған. Тираналық команданың біздің елде де жанкүйерлері бар екен. Олар ойыншыларды әуежайдан қарсы алған. «Астана» клубына да ертең стадиондағы көпшіліктің қолдауы маңызды.

Бекарыс Әлімхан, спорт журналисі:

Әрине жанкүйерлердің қолдауы әрқашан маңызды. Жанкүйер алаңдағы 12-ойыншы. Сондықтан да ертең астаналықтарды қолдайды деп ойлаймын.

Ал бірер сағат бұрын қос клубтың бас бапкері мен ойыншылары баспасөз коференциясын өткізді. Григорий Бабаян бастаған топ жеңістен үмітті.

Григорий Бабаян, «Астана» ФК бас бапкері:

Ертең біз үшін өте маңызды ойын. Қарсыласымыз осал емес. Қарымта кездесу алдында өзімізге қолайлы есепке қол жеткізу керек. Сондықтан да ертең барымызды салып, жеңіске жетуге тырысамыз.

Спорт сарапшылары бірауыздан Астананың бәсі басым екенін айтып отыр. Оның үстіне қарсылас команданың бірнеше негізгі ойыншысы келмей қалған.

Матч ертең «Астана Арена» стадионында өтеді. Ойын кешкі сағат сегізде басталмақ. Ал бір аптадан кейін қос құрама Албанияның Тирана қаласында кездеседі. Екі ойын қорытындысы бойынша үздік шыққан команда Конференция Лигасының топтық кезеңіне жолдама алады.


Шерхан Жамбылұлы


Хабарламаларға жазылу