Елдегі ірі қалаларда жыл басын бері 1,5 млн қазақстандық саяхаттаған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елдегі ірі қалаларда жыл басын бері 1,5 млн қазақстандық саяхаттаған

23.08.2023

Қазақстанда ішкі туризм өте қарқынды дамып келеді. Ел ішінде қыдыратындардың саны пандемияға дейінгі көрсеткіштен 3 есе артқан. Туризм индустриясы комитеті осындай ақпарат таратты. Оған туристік компанияларға мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаудың артуы себеп деп отыр мамандар.

Қазір еліміз бойынша туризмді дамыту жұмыстары негізгі 10 бағыт бойынша жүргізіліп жатыр. Әр өңірде ауқымды жобалар қолға алынған. Саланың дамуы жол, жол бойындағы сервис, тамақтану орындары, қызмет көрсету сияқты салаларымен тығыз байланысты болғандықтан барлығын бірге қолдау маңызды. Нәтиже де жаман емес.

Ақмарал Меңлібек, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі басқармасының бас сарапшысы:

2022 жылдың қорытындысы бойынша, бізде шетелден келген туристер саны 928 мың адамды құрап, 2019 жылғы яғни, пандемияға дейінгі кезеңмен салыстырған кезде 3 есе артық рекордтық көрсеткіш көрсетті. Және ішкі туристрер саны да едәуір өсті. Ішкі туристеріміздің саны 2022 жылдың қорытындысы бойынша, 8 млн адамға жетсе бұл 2021 жылдың қорытындысымен салыстырған кезде 25 пайызға артық.

Қазір азаматтар көбіне ірі қалаларға саяхаттағанды жөн көреді. Ресми статистикаға сүйенсек, 2023 жылдың алғашқы тоқсанында-ақ ел ішінде 1,5 млннан астам адамға қызмет көрсетілген. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 22 пайызға көп. Астана, Алматы қалаларынан бөлек Ақмола, Маңғыстау өңірлеріне саяхаттағандар күрт өскен.

Ләйлә Қабдулбариева, Туристік агенттіктің менеджері:

Соңғы кезде Қазақстандықтар турлардың бағалары қолжетімді екенін біліп жатыр. Және де Қазақстанда сервис дамып жатыр. Сондықтан да ішкі туризмге сұраныс көбірек. Жаз мезгілінде Балқашқа сұраныс көп. Қарқаралыда бізде шатырлы турларға, сонымен бірге Бурабайға сұраныс жоғары.

Ішкі туризмнің дамуына мемлекеттік қолдаудың артуы да себеп болған. Мысалы, өткен жылы бірден 7 бағдарлама іске қосылған.

Туристік нысандарға санитарлық-гигиеналық тораптарды күтіп ұстау үшін айына 83 мың теңге субсидия қарастырылған. Тур пакет ішінде балалар ұшақпен тегін ұшады. Туристік нысандар мен жол бойындағы сервис құрылысы шығынының 10 пайызын мемлекет қайтарады. Тау шаңғысы құрал жабдықтары мен туристік автобус сатып алғандарға 25 пайыз субсидия төленеді. Және шетелден келген әр турист үшін компанияға 15 мың теңге төленеді.

Туризм - тұтас мемлекеттің жарнамасы. Ал Қазақстанның бұл салада әлеуеті зор. Алдағы жоспарды сапалы орындай алсақ бұл сала экономикамыздың ірі драйверіне де айналады деп отыр мамандар.


Оңғар Алпысбайұлы


Хабарламаларға жазылу