Ақтауда қонақүйлердің саны артты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтауда қонақүйлердің саны артты

23.08.2023

Ақтауға жыл басынан бері 58 мың турист келген. Қазір Каспий теңізінің жағалауы көпшіліктің сүйікті орнына айналған. Жан-жақтан келген туристер де, жергілікті тұрғындар да сонда жиналады. Соған сәйкес, соңғы жылдары жағалауда қызмет көрсететін дәмханалар мен мейрамханалардың саны артып, қазынаға түскен салықтық төлемдер де біршама көбейген.

Атырау қаласының тұрғыны Ұлболсын Қозбаеваның Ақтауға келгеніне 1 апта болған. Бойжеткен мұнда теңіздің тұзды суына шомылып, жағалауда демалу үшін отбасымен арнайы ат басын тірепті. Осы уақыт ішінде олар маңғаз өлкенің көрікті жерлерін тамашалап үлгерген.

Ұлболсын Қозбаева, Атырау қаласының тұрғыны:

Мейрамханалары да, қызмет көрсетуі де жақсы. Сосын жағажайда барлық жағдай жасалған әрі таза. Негізі 23-іне кетіп қалатынбыз, соны 7 күнге тағы создырдық. Бәрін көріп қайтқымыз келеді. Ұнап жатыр, өте жақсы.

Ақтаулықтар да қолда бар алтынды бағалап, теңіздің саф ауасымен тыныстағанды ұнатады. Оның үстіне соңғы жылдарда жағалауда тұрғындарға жайлы жағдай жасалды. 7 шақырымды құрайтын теңіз жағасында жартас соқпақтары, фотоға түсетін айшықты орындар мен ұлттық тағамдар әзірленетін дәмханалар көбейді.

Шәрбану Сабырбаева, Ақтау қаласының тұрғыны:

Жан-жақтан келетін қонақтар көп бізге. Ақтөбеден, Астанадан келеді. Сол қонақтарды жаз бойы осы жерде қыдырттық. Біздің Ақтау қаласы дамып келе жатыр. Туристердің жыл сайын өсіп келе жатқанын байқауға болады.

Ислам Қаймолдаев, Ақтау қаласының тұрғыны:

Теңіз жағасына келгіміз келіп тұрады. Балаларды алып келеміз. Қандай атмосфера. Елмен бірге билейміз. Көңіл көтереміз. Бұрын қандай жағдайда тұр еді. Осы жерлер қамыс, шөп болып, Үкіметімізге, елімізге рахмет.

Статистикалық мәліметке сүйенсек, биыл жыл басынан бері қалаға 58 мыңнан астам турист келген. Бұл көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 18 пайызға көп. Шахарда қонақ үйлердің де саны көбейді. Ал «Жылы жағажай» курорттық аймағындағы 25 туристік нысан жұмыс істеп тұр.


Аягөз Оралбайқызы


Хабарламаларға жазылу