Түркияда орман өрті өршіп келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркияда орман өрті өршіп келеді

23.08.2023

Түркияның батысындағы Чанаккале облысында кеше кешке қарай басталған орман өрті дес берер емес. 1500 гектар алаңға тараған өрттен бірнеше елдімекен зардап шеккен. 

 Айдос Әшімұлы, тілші:

Чанаккаледегі алапат орман өртін сөндіру үшін жүздеген адам мен арнайы техника түні бойы жұмыс істеді. Қазір өрттің беті қайтқан, дегенмен қатты жел отты толық сөндіруге мүмкіндік бермей тұр. Мамандар өртті Чанаккале қаласына жақындатпау үшін барын салып жатыр. 200 мыңға жуық тұрғыны бар қалада төтенше жағдай жарияланған.
Кешеден бері қалың түтіннің кесірінен кеме қозғалысы тоқтатылған Дарданелла бұғазы бүгін таңертең ашылды. Өртке оранған 1500 гектар алаңның 800 гектары орман қалған 700 гектары егістік алқаптар. Өрт шарпыған 9 ауылдың тұрғындары қауіпсіз жерге көшірілді. 7 ауылда 10-ға жуық үйді өрт шалған. Барлығы 1251 адам қауіпсіз аймаққа жеткізілді. Түтіннен уланған 72 адам ауруханаға жатқызылған. Оқиға орнында жүрген Түркияның Орман және ауыл шаруашылығы министрінің айтуынша өрт бір ауылдың маңындағы егістіктен шыққан. Түркияда биылғы жаз тарихтағы ең ыстық жаз болып тұр. Елдің көп бөлігінде жаз бойы жаңбыр жауған жоқ. Сондықтан әр жерде орман өрттері жиі жиі болып жатыр. 


Хабарламаларға жазылу