Атырау облысындағы Сарайшық көне шаһарына келетін туристер саны артқан - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атырау облысындағы Сарайшық көне шаһарына келетін туристер саны артқан

22.08.2023

Атырауға соңғы бір жарым жылда 200 мың турист келген. Әсіресе, облыстағы айшықты орындарға сұраныс артқан. Өңірде бас аяғы 50-ге жуық туристік нысан бар. Аймақта ішкі туризмнің есебінен бюджетке салық түсімі 100 млн теңгеден асқан. Өңірдегі көрікті жерлердің бірінен тілшіміз Жандос Темірғали тарқатсын.

Жандос Темірғали, тілші:

Атырау тұрғындары мен қонақтары үшін негізгі демалыс орнының бірі – Сарайшық тарихи кешені. Ортағасырлық көне шаһар облыс орталығынан 50 шақырым жерде орналасқан. Біз сонда жол тарттық.

Жандос Темірғали, тілші:

Міне, тақтайдай тегіс жолменжарты сағатта діттеген жерге де жеттік. Шаһардың қорғау аумағы 99 гектарды құрайды. Ал бұл туристер үшін салынған Сапар орталығы. Мұндағы экспозициялық залда 400-ден астам жәдігер қойылған.

Мамырда ғана ашылған кешенді екі мыңнан астам турист тамашалаған. Олардан 800 мың теңгедей қаржы түскен. Серікқали Иманғалиев отбасымен Сарайшыққа Жаңаөзеннен арнайы келіпті.

Серікқали Иманғалиев, Жаңаөзен қаласының тұрғыны:

Не де болса, көп естігеннен көзбен көрейік деп уақытымызды бөліп келіп жатырмыз. Әсеріміз жақсы. Таныстырып жатыр. Білмейтініміз көп екен.

Жанар Диярова, «Сарайшық» мемлекеттік тарихи- мәдени МУЗЕЙ қорығы директорының орынбасары:

Қазіргі кезде халықтың мәдени орындарға келуі, мәдени орындарды тамашалауы ұлғая бастағанын байқауға болады. Себебі бізде бір жылда 2022 жылы 18 мыңнан астам турист келген болса, биылғы алты айдың ішінде 14 мыңға жуық турист келіп тамашалады.

Жандос Темірғали, тілші:

Біз қазір Алтын орда дәуірінен қалған моншаның орнында тұрмыз. Жуынатын бөлменің едені жақсы сақталған. Археологтар мына қыш плита гипспен бекітілген дейді. Ал бұл - суағар.

Қазір реставратор мамандар қаланың бас қақпасын қалпына келтіріп жатыр. Қазба жұмыстары да қарқын алды. Жеті қат жер астынан аршылған қоғамдық ғимарат орны – тарихи сенсацияға пара-пар.

Айбек Тұрарұлы, археолог:

Екі мыңыншы жылғы Самашев ашқан қоғамдық ғимараттан кейінгі ең ірі ғимарат деп айтамыз. Мұның маңызы - көлемі бойынша 50 метрден астам. Мұнда қалаға келген саяхатшыларды, зиярат жасаушыларды қабылдайтын бөлмелер болған.

Өңірдің туристік әлеуеті жоғары. Өйткені айналасы бір жарым жылдың ішінде Атырау атырабын көрмекке 200 мыңнан аса адам келген. Сұраныс 3 есеге артқан.

Жандос Темірғали

Хабарламаларға жазылу