Бапкерлер Азия ойындарында қарсылас шахматшылардың осал еместігін айтады
Қытайдың Ханчжоу қаласында өтетін Азия ойындарына шахматтан 10 споршы барады. Олардың қатарында жаһандық жарыстарда жүлде алып жүрген Ринат Жұмабаев, Нөгербек Қазыбек және Бибісара Асаубаева, Жансая Әбдімәлік, Динара Сәдуақасова сияқты шахматшыларымыз бар.
Азия ойындарында шахматтан жарысқа ерлер арасында 5 және әйелдер арасында 5 спортшымыз қатысады. Олар оқу-жаттығу жиынын аяқтап, сайысқа сақадай сай тұр. Спортшылардың бұған дейінгі нәтижелерін ескерсек, жеңісті күндерге жетеміз дейді бапкерлер. Дегенмен қарсыластар да осал емес.
Дастан Қапаев, ҚР Шахматтан мемлекеттік жаттықтырушысы:
Рейтингті есептегенде Қытай мен Үндістан алдымызда тұр. Рейтинг бойынша үшінші біздің команда тұрады. Бірақ мынау Ресей де ойнайды ғой. Ресей де қосылады. Бірақ ойын тартысты болады. Мынау Өзбекстан командасы жақсы нәтиже көрсетіп отыр. Бірақ нәтиже болады деп ойлаймын. Өйткені қыздарымыз әлемде жақсы нәтиже көрсетіп отыр.
Сарапшылар Азия ойындарында шахматтан кемі 1 күміс, 1 қола аламыз деп болжап отыр. Бұдан да жоғары нәтижеге үміт бар. Шахмат олимпиада бағдарламасы тізімінде жоқ спорт. Соның өзінде Қазақстанда оған деген қызығушылық және кәсіби тұрғыда айналысатын спортшылар қатары артып келеді.
Ғазиз Серікбаев, Спортты дамыту дирекциясының іс-шараларды өткізу және олимпиадалық емес спорт түрлері басқармасының басшысы:
Қазіргі уақытта шахмат елімізде қарқынды дамуда. Мамандар да жеткілікті. Кешенді жоспар алдағы 5 жылға қабылданған. Спортшылардан бөлек, мемлекеттік органдардың, БАҚ-тың, жергілікті атқарушы органдарға турнир өткізу көзделген.
Жалпы Қазақстанда 7 мың шахмат секциясы бар. Онда 253 мың адам теңбіл тақтада ой жарыстырып жүр. Бұдан бөлек, «Шахмат мектепте» атты балалар арасындағы жоба жүргізіліп жатыр. Соның аясында жыл басынан бері «Шахмат» факультеті 654 мектепте енгізілген. Нәтижесінде спорттың бұл түрінің қыр-сырын 28 мың бала меңгеруде.
Азамат Бейбітұлы
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
