«Омбы-Майқапшағай» тас жолының салынбай жатқанына бес жыл болған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Омбы-Майқапшағай» тас жолының салынбай жатқанына бес жыл болған

16.08.2023

«Омбы-Майқапшағай» халықаралық тас жолының жыры әлі бітер емес. Биыл мамандар жолдың біраз бөлігіне асфальт төсейміз деп уәде еткен. Бірақ жұмыс тым сылбыр. Айналма жолмен қатынап жүрген бірнеше аудан халқы жолдың бейнетін әлі тартатын сыңайлы.

Ержан Жақып, тілші:

«Қазавтожол» компаниясының өкілдері қыс түскенше халықаралық маңызы бар жолдың «Қалбатау-Көкпекті» аралығына тас жол төсейміз деп уәде еткен. Алайда әр жерде қыбырлаған мынандай техникалар болмаса, жұмыстың қарқынды жүріп жатқандығы мүлдем көрінбейді.

Ақсуат, Тарбағатай, Көкпекті мен Зайсан аудандары халқының Семеймен қатынауы нағыз сынаққа айналғалы қашан. Шаңы аспанға көтеріліп, ойдым-ойдым болған айналма жолмен жүріп қажыған жұрт «жаңа жолмен жүреміз» дегенге сенуден қалған.

«Қазавтожол» компаниясының мамандары болса, шама келгенше қолда бар күшті жұмылдырып жатырмыз деп тағы ақталып отыр. Жұмыстың баяу жүруіне құрылыс матералдарының қымбаттауы себеп. Әрі кететін шығынға қайта түзетулер енгізіліп жатқан көрінеді.

Нұрбек Темірханов, «Қазавтожол» ҰК АҚ Абай облыстық филиалы директорының орынбасары:

Қыс түскенше айналма жолмен емес, негізгі жолмен жүруге жағдай жасауға тырысып жатырмыз. Ал толықтай асфальтті 2024 жылы төсеп бітеміз деп ойлаймыз. Қазір Көкпекті бағытында жұмыс жүріп жатыр. Жау-шашын да бөгет. Сондықтан үлгергенімізше жолды салып жатырмыз.

Күре жол құрылысының сағызша созылуы, халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайына да кері әсерін тигізіп отыр. Ауылдарда азық-түлік құны шарықтап, кейбір елді мекендерде жанармай қымбаттап кеткен. «Омбы-Майқапшағай» тас жолын толық жаңғыртуға бастапқыда 159 миллиард теңге бөлінген болатын. Бес жыл ішінде жол құрылысымен айналысқан 3 бірдей ірі отандық компания жұмыстан шеттетіліп, қылмыстық іс қозғалған болатын.

Ержан Жақып

Хабарламаларға жазылу