«Қырық жыл бойы қараусыз!» Таразда жертөлесін су басқан көпқабатты үйдің тұрғындары осылай деп дабыл қақты.
160 пәтерлік үйдегі кәріз құбыры 10 жыл бұрын жарылған. Бірақ сол күйі жөнделмепті. Жағымсыз иістен тұрғындар аулада жүруден қалған. «Былтыр қыста дірдектеп тоңып шықтық» деген олар жылусыз қаламыз ба деп қорқады. Шатыры да шұрық тесік, жаңбыр жауса су сорғалайды. Бес қабатты үйдің бүлінген жерін жыл сайын жөндеп шаршағанын айтқан жұрт кәріз бен жылу жүйесін жөндеуден өткізуге қала билігі тарапынан бір көмек болса дейді. Ал әкімдік өкілдері жөндеу биыл жүргізілмейтінін, қазынадан қаржы қаралмағанын айтады.
Гүлнар Мұсағалиева, қала тұрғыны:
Осы төбені мен қанша рет жаптырдым. Қанша ұшып кетті. Осы 37 жылда 10 рет жапқан шығармын. 40 жыл болған шығар осы үйге. Бір жөндеу жасалмаған. Жертөлеміз ол ағып жатыр. Жаңа ол жаққа кірсек ыстық су да ағып жатыр. Енді ертең күн суыса мынау жарылады.
Асанәлі Түкебаев, Тараз қаласы әкімдігі тұрғын-үй қатынастар бөлімінің басшысы:
Бұл жерде тек қана өздерінің күштерімен әр тұрғын өз тарапынан ақша жинап, қолдарынан келгенше жөндеу жүргізу керек. Осы қыстан өту керек. Келесі жылы түгелдей капиталды жөндеу жұмыстары жүреді.
Данияр Әлімқұл