Мемлекет басшысы Махачкаладағы жанармай станциясында болған жарылыс салдарынан адамдардың қаза табуына байланысты Ресей Президенті Владимир Путинге көңіл айтты. «Орны толмас қайғыға ортақтасып, қаза тапқан адамдардың туған-туыстарына Қазақстан халқының және жеке өз атымнан көңіл айтамын. Сонымен қатар зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдіремін», – деп жазылған жеделхатта. Дағыстан Республикасының астанасы Махачкалада жанармай құю станциясында жарылыс болғанын бұған дейін хабарлаған едік. Алапат өрттен қаза тапқандар саны 35 адамға жетті. Тағы 80-ге тарта адам жарақат алған. Қайғылы оқиғаға байланысты Дағыстан аумағында қаралы күн жарияланды. Жергілікті үкімет өкілдерінің сөзінше, өрт алдымен жол бойындағы көлік жөндеу шеберханасында басталған. Мұнан соң жақын маңдағы жанармай станциясына жетіп, газ толы екі цистерна атылған. Соңғы мәліметке қарағанда, 600 шаршы метр аумақ жанып кетті.
Арай Төлегенқызы