Қазақстан мен Өзбекстан сарбаздары қоян-қолтық әрекет етуге машықтанып жатыр. Ақтауда бауырлас елдердің «Қанжар-2023» бірлескен жедел-тактикалық оқу-жаттығуының екінші кезеңі аяқталды.
Шынжыр табанды техника, қарша бораған оқ. Жасанған жаудан қайтпайтын жауынгерлер заңсыз қарулы құрылымдарды анықтап, оларды жою туралы тапсырманы орындап жатыр. Оқу-жаттығудың белсенді кезеңін екі елдің қорғаныс министрлері генерал-полковник Руслан Жақсылықов пен генерал-лейтенант Баходир Құрбанов бақылады.
Бердімұрат Абибуллаев, 25744 Әскери бөлім командирі, гвардия подполковнигі:
Бұл оқу-жаттығудың басты мақсаты – ол шекарадағы заңсыз қаруланған топты біріге іс-қимыл ете отырып, олардың күшін жою. Және бұл жерде бір-бірімізбен тәжірибе алмасу болып табылады.
Компьютерлік командалық-штабтық оқу-жаттығу түріндегі бірінші кезең биыл тамыздың басында Өзбекстанда өтті. Екінші кезеңнің практикалық іс-қимылдары күндіз де, түнде де Ақтау гарнизонының «Оймаша» оқу-жаттығу полигонында пысықталды. Жауынгерлер күннің ыстығы мен бораған шаңға қарамай тапсырманы орындады.
Өзбекстан Республикасының Арнайы операциялар күштерінің әскери қызметшісі:
Бауырлас Қазақстанға оқу-жаттығу жиынына келдік. Осылайша екі елдің әскерилері тәжірибе алмасып, заманауи техникаларды қолданып тактикалық тапсырмалар орындауды үйреніп жатыр. Бұл болашақта бірлесіп сауатты әрекет етуге көмектеседі.
Оқу-жаттығу барынша жауынгерлік жаттығуларға жақын жағдайда өтті. Оған жаяу әскердің жауынгерлік машиналары, артиллериялық және зениттік кешендер, Ми-8, Ми-35 тікұшақтары, Су-30 СМ ұшақтары және Skylark 1LЕХ ұшқышсыз басқарылатын құрылғылар жұмылдырылды.
Серік Селеубайұлы