Тараздағы «Қарасу» алқабы қараусыз қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тараздағы «Қарасу» алқабы қараусыз қалды

14.08.2023

«Қаланың құрамына өтсек те, өркениет игілігін көрмедік». Осылай деген Тараздағы «Қарасу» алқабының тұрғындары 20 жылдан бері ауыз су, жарық пен жолға жарымай келеді. Ойын алаңдары мен аялдама да жоқ. Ал атқамінерлер суға бөлінген миллиондарды қолды қылған.

Қала әкімдігі қалың ұйқыда деген бұқара ертерек оянғанын тілейді. Өйткені, өркениет нышаны «Қарасу» алқабында атымен жоқ деп ашулы. Алқапта бірде бір аялдама жоқ. Тұрғындар автобусты күннің астында тұрып күтуге мәжбүр. Тіршілік нәрі тартылмағандықтан суды сатып ішеді, не құдықтан басып ішеді.

Қарақат Омарәлиева, Қарасу алқабының тұрғыны:

Бірінші мәселе ауыз су. Ауыз су. Әкім есеп берген кезде айтқан 2023-те су кіргізіп береміз үш жыл бұрын ақша бөлінген, бірақ оны жоқ қылып жіберген. Іс прокуратурада деп. Міні 22 ден 23-ке, одан 24-ке қалып отыр. Айналайын әкім, бізге де бір қараңыз.

Әзиз Құрбанов, Қарасу алқабының тұрғыны:

Ауыз су, жол, тротуар, балалар ойнайтын алаң керек. Сосын аялдама керек. Осы бес нәрсе керек.

Ал әкімдік суды осыдан 2 жыл бұрын кіргізіп қояр едік дейді. Бірақ жуырда ғана 8 жылға сотталған коммуналдық бөлімнің басшысы мен сыбайластары суға қаралған қаржыны қолды қылған. Бір миллиардтың үстіндегі қаржы қайта қаралмайтындықтан, демеушілер дем берсе болғаны дейді.

Нұрбол Қалдыбаев, Тараз қаласы әкімінің орынбасары:

1 млрд 200 млн теңге сметалық құны. 2024 жылы қаражат бөлініп, жұмыстары басталады. Су құбыры жүргізілгеннен кейін, асфальт жүргізілетін болады. Балалар ойын алаңшасына тиімді жер телімі қарастырылып жатыр.

Қарасудың қараусыз хәлін кешкен тағы 7 алқап бар. Олардың қатарындағы Родничек, Ақжол, Мичуринец елді мекендеріне су келесі жылы кірмек. Сонда Тараз қаласы 100 пайыз сумен қамтылады деп отыр.

Данияр Әлімқұл


Хабарламаларға жазылу