Бұқтырмадағы көпір құрылысы тоқтауы мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бұқтырмадағы көпір құрылысы тоқтауы мүмкін

14.08.2023

Шығыс Қазақстандағы Бұқтырма су қоймасына салынып жатқан көпір құрылысы тоқтап қалуы мүмкін. Себебі қажетті қаржы уақытылы бөлінбей келеді. Бастапқы құны 31 миллиард теңге болған жоба бүгінгі есеппен 62 миллиард теңгеге жеткен. Көпір құрылысы басталған 2021-жылдан бері республикалық бюджеттен 27 миллиард теңге бөлінді. Ал жеткіліксіз қаржы қолданыстағы бюджет Кодексіне сәйкес жергілікті бюджеттен бөлінуі тиіс. Мамандардың есебі бойынша, ол шамамен 30 миллиард теңге. Алайда жобаға жауапты басқарма басшылары мұндай қомақты қаржы облыс бюджетінде жоқ дейді.

Нұрбек Тұраров, Облыстық жолаушы көлігі және автомобиль басқармасының бөлім басшысы:

Жергілікті бюджеттің өз есебінен 3 миллиард бөлінді. Республикалық бюджеттен жыл басынан бері 5-ақ миллиард бөлінген. Осы жобаның орта есебіне сүйенсек, онда жылына 20-25 миллиард бөлініп отыру керек. Енді жақын арада Үкімет бір шешімін тауып, қаражатты бізге береді деген ойдамыз.

Тікелей Президенттің тапсырмасымен салынып жатқан бұл көпірдің ұзындығы - 1316, ені - 12 метр болады. Екі жолақты көпірден тәулігіне 80 мың автокөлік өте аталады. Еліміз бойынша су үстіндегі ең ұзын нысанның құрылысы 2025 жылы аяқталуы тиіс.


Олжас Керейхан

Хабарламаларға жазылу