Ақтаудағы Каспий битум зауытында 500 мың тонна өнім өндіру жоспарланған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтаудағы Каспий битум зауытында 500 мың тонна өнім өндіру жоспарланған

11.08.2023

«Самұрық-Қазына» АҚ-ның Басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов Ақтауға жұмыс сапарымен барып, «Каспий битум» зауыттың өндірісімен танысты. Кәсіпорын биыл 500 мың тонна битум өндіруді жоспарлаған. Алайда, тек 395 мың тонна өніммен шектелмек. Бұған бірнеше себеп бар.

«Каспий битум» зауыты жылына 1 млн тонна мұнайды өңдеп, 500 мың тонна битум шығаруға қауқарлы өндіріс ошағы. Кәсіпорын өнім өндіруден соңғы жылдарда көш басында келеді. Бірақ биыл сәуір айына дейін сұраныс төмен болған. Тұтынушылар тарапынан алдын-ала тапсырыстардың болмауынан қазір зауыт толық қуатында жұмыс істемей тұр.

Нұрлан Жақыпов, «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма төрағасы:

Жоспар бойынша келесі жылдың соңына дейін битум өндіруді 1,5 есе арттыруды көздейміз. Қазіргі мәселе - маусымдық жұмыстың басталуында. Жол көбіне жаз мезгілінде салынады. Соған орай, битум өндірісі де маусымдық болып отыр. Мәселен, биыл тапсырыстар жаз мезгілінің ортасында бір-ақ түскен. Біз битумды сатып алып, қыста сақтау үшін,ҚазАвтожол мен құзырлы министрлікпен тиісті үйлестіру жұмыстарын ұйымдастырамыз.

Зауытта 214 адам жұмыс істейді. Барлығы да жергілікті жас мамандар.Кәсіпорынның өнімін бүкіл Қазақстан, соның ішінде батыс аймақтар тұтынады. Зауыт басшылығы болашақта өндіріс көлемін арттырып, мұнай өңдеуді жылына 1,5 млн тоннаға, ал битумды 750 мың тоннаға жеткізуді жоспарлайды.

Махмұд Мәдибаев, «Каспий Битум» зауыты бас директорының орынбасары:

Ресей мен Қазақстан арасында қосымша 100 мың тонна алуға келісімге қол қойылды. Ол негізгі себептің бірі болып табылады. Жалпы соған байланысты біздің жоспарымыз осы 2023-жылға 500-ден 395 мың тоннаға түсуге көзделіп отыр.

Қор басшысы тұтынушылар тарапынан битумға уақтылы, алдын ала тапсырыс алу қажеттігін айтып, буып-түйілген битумды қолдану мүмкіндігін қарастыруды тапсырды. Нұрлан Жақыпов одан бөлек «Сарша» газ құбыры, «Ақтау» теңіз-сауда порты мен Құрық порттарының жұмысымен танысты.

Аягөз Оралбайқызы

Хабарламаларға жазылу