Таразда су тазартатын кешен салынады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Таразда су тазартатын кешен салынады

11.08.2023

Тараз қаласы еліміз бойынша кәріз суларын тазартатын кешені жоқ жалғыз қала. Бірегей нысан енді Жамбыл ауданында салынбақ. Өңірге жұмыс сапарымен барған Премьер-министр Әлихан Смайылов тазарту технологиясының құрылысын тездетуді тапсырды. Сондай-ақ Үкімет басшысы қуаңшылықтан шығынға батқан шаруаларға көмек көрсетілетінін айтып қуантты.

Үкімет басшысы Таразға келісімен алдымен қаланың қалдық сулары төгілетін аумаққа ат басын бұрды. Осыдан 60 жыл бұрын 92 су жинағышымен пайдалануға берілген нысан аузына дейін толып, апат алдында тұр. Былтыр тағы 12 сүзгі бассейні қосылды. Бірақ су тазарту жүйесі болмағандықтан, елді мекендердің тынысын тарылтып тұр. Әрі жер асты суларына да қосылу қаупі бар. Енді жаңа кешен салу қажет.

Данияр Әлімқұл, тілші:

Үш сатылы тазалау кешенінің жобасы 2028 жылға жоспарланған. Жоба жүзеге асқан жағдайда тәулігіне 100 мың текше метр сарқынды су механикалық және биологиялық тазартудан өтеді. Қауіпті химиялық қалдықтары жойылады. Нәтижесінде шайынды сумен егіс алқаптарын суаруға мүмкіндік туады.

Қазір мұнда тәулігіне 70 мың текше метр кәріз суы құйылады. 217 гектар аумақтың көлемі артып барады. Сондықтан Үкімет басшысы құрылысқа келесі жылдан бастап кірісуді тапсырды.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер- министрі:

Бұл жұмысты жеделдету қажет. Қазір Тараз қаласы өсіп келеді. Халықтың саны да өсіп келе жатыр. Сондықтан коммуналдық инфрақұрылымның жеткілікті болуы өте маңызды.

Әкімдік тарапы жол картасы бойынша алғашқы зерделеу жұмыстары жүріп жатқанын жеткізді. Бұл бағытта Еуразиялық қайта құру және даму банкімен 340 мың еуро бөлінген.

Сондай-ақ Үкімет басшысы дала дихандармен де жүздесті. Ағын су тапшылығынан алқаптары қураған шаруаларға көмекқаржы берілетінін жеткізді.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:

Ведомствоаралық комиссияны жібергенбіз осында. Олар 3-4 ауданды аралап көрді өз көздерімен растады. Сондықтан біз Үкімет, мемлекет тарапынан беретін көмегіміз солардың шығындарын өтеп беру. Сондай шешім қабылдадық. Енді Үкіметтің резервінен осы тамыз айының аяғына дейін әкімдік барлық есептерді реттейді. Үкіметке енгізеді. Сонымен қыркүйектің ішінде әкімдікке ақшаны аударамыз ба деп ойлаймын. Әкімдік зардап шеккен қожалықтарға таратады.

Министрлер кабинетінің басшысы шаруалар үшін су үнемдеу технологияларына субсидия көлемі артатынын әрі ұңғыма қазатын қожалықтарға 80 пайыз субсидия төленетінін айтты. Сондай-ақ Әлихан Смайылов су каналдарын жаңғырту жұмыстарын аяқтауды тапсырды. Шаруалар игілі үшін аймақта 14 су қоймасының салынатынын мәлімдеді. Оның ең ірі үшеуі республикалық бюджеттен, шағын 11 су қоймасы жергілікті қазынадан қаржыландырылмақ.

Данияр Әлімқұл

Хабарламаларға жазылу