Жамбыл облысында үш аудан мен алты ауылдың арасын жалғайтын 90 шақырымға жуық жол тәуелсіздік алғалы толық жөндеу көрмеген. Шудың жайсыз жолы Меркі мен Мойынқұмға дейін ұласады. Жолсыздың бойында Төле би, Балуан Шолақ, Дулат, Жаңа қоғам, Далақайнар және Қонаев ауылдары бар. Тұрғындар үшін көлікпен жүру мұң. Тасжолдың беті жамалғанымен, 30 күнге жетпей қайта орға айналады дейді көпшілік.
Бақыт Атагелдиев, Көктөбе ауылының тұрғыны:
Жамап-жамап жасап кетеді, бір айға жетпей құриды. Ол бала кезімізде де осы жол болатын. Оқу бітіргеннен кейін де осы жол. Қайтадан құриды.
Батырхан Бидайбеков, Шу қаласының тұрғыны:
Беті ғана москировка ғой. Жол жөнделді деген атақ, бірақ ешқандай сапа жоқ жолда. Көлік сынбақ тұрмақ, бәленбай апат болып жатыр, сынғаны бер жақ. Осы екі ортаға мына жағы 25, мына жағы 60, 85-90 шақырым жол жоқ. Халыққа обал!
270 шақырымды құрайтын «Меркі – Шу – Бұрылбайтал» күре жолы үш жылдан бері жөнделіп бітпей жатыр. 90 млрд теңгеден астам қаржы қаралыпты. Шудың сыртымен өтетін айналма жолдың енді 30 пайызын дұрыстау керек. Сондықтан жол азабына тағы бір жыл төзуге тура келеді дейді жолаушылар.
Бақытжан Жәнібеков, Шу ауданының әкімі:
Осы айналма жол Шудың сыртымен кеткен жолымыз бар. Бұрылбайталға дейін практикалық түрде бітіп отыр. Тек қана екі ортасы қалып отыр, 86 шақырым, Меркі мен Шудың ортасы. Қазір енді негі «ЦиньЦинь» жұмыс істеп жатыр. Енді соның субмердігері «Арсика Строй Инвест» деген мекеме Тараз қаласынан. Солар 31 шақырым жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Келесі жылы аяқталады.
Данияр Әлімқұл