Бүгіннен бастап көлік жүргізу куәлігін алу қиындай түсті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүгіннен бастап көлік жүргізу куәлігін алу қиындай түсті

08.08.2023

Бүгіннен бастап көлік жүргізу куәлігін алу қиындай түсті. Ішкі істер министрлігі арнайы заңға өзгеріс енгізген. Теориялық та, практикалық та емтиханға қатысты біршама түзету бар. Ол қандай жаңашылдықтар? Өзгерісті көлік тізгіндеген азаматтар қалай қабылдады?

Мұндай көлемді өзгерістер 2014 жылдан бері болмаған дейді Ішкі істер министрлігінің өкілдері. Жаңа құжатты дайындауға 3 айдай уақыт кетіпті.

Сынақтың әлқиссасы биометриялық тексерістен басталады. Мұнда азамат өзінің жеке басын растай алмаса ол келесі алты айда не теориялық, не практикалық емтихан тапсыра алмайды. Бұрын мұндай жағдайда келесі күні қайта мүмкіндік берілетін.

Егер теориялық емтиханды бірінші мүмкіндіктен тапсыра алмасаңыз, ертесіне қайта бақ сынауға болады. Бұл ретте де жолыңыз болмаса 1 айдан кейін үшінші мүмкіндік аласыз. Тағы сүрінсеңіз 2 ай күтуге тура келеді. Өзгеріске дейін 2 жыл бойы апта салып мүмкіндік алуға болатын еді.

Алтынбек Жамалиев, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің басқарма бастығының орынбасары:

Енді автомектептердің өздерінің көлік құралдарын қолдану арқылы теориялық емтиханды тапсыруға мүмкіндік ашылды. Бұл жерде аталған автокөліктер барлық датчиктермен, яғни жүйелі ақпараттандырылған датчиктермен орнатылған болуы керек. Сонымен қатар аталған көліктің жанында нұсқаушы дейміз яғни инструктор болуы керек.

Ал емтиханға өз бетіңізше дайындалған болсаңыз тек үш мүмкіндік беріледі. Одан соң автомектеп сертификатын талап етеді. Бұрын ондай қосымша құжаттар міндеттелмейтін.

Сондай-ақ «В», «В1», «С», «С1», «D», «D1» санаттарында енді 12 емес, 10 жаттығу орындалады.Жүргізуші куәлігін шет алғандар енді Қазақстандық куәлік алу үшін теориялық емтихан тапсыруы керек. Бұрын ол азаматтар ешқандай сынақтан өтпейтін.

Осындай ірілі-ұсақты 60-тан астам түзету мен толықтыру енгізілді. Сонымен жүргізуші куәлігін алу қиындады ма? Жоқ па? Дұрыс па? Бұрыс па? Азаматтардың пікірі алуан түрлі болды. Бірі қолдады. Себебі жауапсыз жүргізушілер азаяды дейді.

Жақсылап оқытып барып беру керек сияқты ғой. Өзімнің ойым солай. Жастар алып алады да неше түрлі авариялар болып жатыр ғой. Барынша дистанция ұстап жүресің болды. Әркім әртүрлі айдайды ғой. Сен соқпасаң да сені келіп соғады ғой біреу. Көбісі сатып ала салады. И знактарды білмейді бұрыла салады сол жерден авария болады.

Енді бірі қазірдің өзінде жүргізуші куәлігін алу жеңіл емес. Сондықтан реті келсе «бармақ басты, көз қыстыға» барады дейді.

Тағы бір азаматтар мектеп бағдарламасына көлік басқару сабағын қосқанды құптайды.

Негізі мектептерде де оқытуға болады деп ойлаймын. Соңғы сынытарда 10-11 сыныпта қосуға болады. Өйткені бәрібір адам баласы машина айдауға тырысады. Көбісі.

Тек жыл басынан бері ел бойынша 7 мыңға жуық жол-көлік оқиғасы болыпты. Онда 1200-ден астам адам көз жұмып, 9 мыңға жуығы жарақат алған. Мүмкін емтиханға енгізілген жаңашылдықтар расында жауапсыз жүргізушілерді азайтар. Бастысы азаматтар «Сақтансаң - сақтаймын» деген алтын қағиданы есте ұстаса құба-құп,

Елдос Есенбол


Хабарламаларға жазылу