Қарағандыда балалар белгісіз токсинді заттан уланған болуы мүмкін. Бүгін Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі осылай деді. Дегенмен жаппай ауруханаға түскен балалардың нақты неден уланғаны әлі белгісіз. Сот медициналық сараптама дайын емес.
Айя Мүтәлі, тілші:
Ауруханаға түскен 14 ерекше баланың жетеуі сауығып, ауруханадан шыққан. Ал 6 бала жансақтау бөлімінде жатыр. Оның екеуінің тыныс алуы нашар, жағдайлары өте ауыр күйде. «Ал қалған 4 баланың денсаулығы біршама жақсара түскен», - дейді министр. Ерекше балалардың неден уланғаны туралы алдын ала эпидемиологиялық тексеру нәтижелері де шығыпты. Олар тамақтан уланбаған. Сондай-ақ инфекциялық ауру жұқтырмаған.
Зерттеу нәтижесі белгісіз токсинді заттан улануы мүмкін екенін көрсеткен. Қазір сот-медициналық сараптама жүргізіліп жатыр. Премьер-Министр балаларды барлық қажетті дәрігерлік көмекпен қамтамасыз етіп, ауруханадан шыққаннан кейін де олардың жағдайын ерекше бақылауда ұстауды тапсырды.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:
Ішкі істер министрлігі болған оқиғаның нақты себептері мен кінәлілерді анықтау бойынша тергеу амалдарын мұқият жүргізуі тиіс.
Еске салайық 30 шілдеде Қарағанды облысының балаларға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында балалар жаппай уланған болатын. Осы келеңсіздіктен соң орталықтың 12 қызметкері жұмыстан шеттетілген. Сонымен қатар Балалар құқықтары жөніндегі уәкіл осы оқиғадан кейін елдегі 84 әлеуметтік мекеменің жіті тексерілетінін мәлімдеген еді.
Айя Мүтәлі