Абай облысында қараусыз жатқан жерлер шаруаларға берілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Абай облысында қараусыз жатқан жерлер шаруаларға берілді

07.08.2023

Абай облысында бос жатқан жерлер жаппай мемлекет иелігіне қайтарылып жатыр. Жылдар бойы игерілмей, қараусыз жатқан алқаптар ауылшарушылық мақсатында қайта үлестірілуде. Нәтижесінде өңірде мал басы артып, егістік көлемі еселеп артты.

Мұхтар Тойқылды 2005 жылы Қытайдың Алтай аймағынан атажұртқа қоныс аударған. Содан бері көлемді жер ала алмай, азын-аулақ телімге көкөніс егіп табыс тауып келді. Өткен жылы ауылшарушылық өндірістік кооперативін құрған. Мемлекеттің «Кәсіпкерлікті қолдау картасы» жобасы аясында 1,5 мың га-ға жуық жерге ие болды. Көкөніс, күнбағыс, қарбыз бен жоңышқа салған. Көп жыл бой игерілмей бос жатқан алқап қазір жайқалып тұр.

Мұхтар Тойқылды, диқан:

Биыл жалпы шемішкенің өзінен 25-30 центнер деп отырмын ғой жоспарым. Енді қарбыздан гектарына 30 тоннаның үстінде көремін деп отырмын. Жалпы енді, 400-500 миллиондай жобалап отырмыз табысымыз.

Диқан жер игеру үшін 7 миллиардқа жуық инвестиция тартыпты. Күзде жоңышқаны өңдеп, Қытайға экспорттауды бастамақ. Ал келер жылы егін көлемін екі есеге арттыруды жоспарлап отыр. Жалпы Жарма ауданы бойынша биыл бірнеше шаруашылық «Кәсіпкерлікті қолдау картасы» бағдарламасы шеңберінде бос жатқан жерлерді игеруді қолға алған.

Мақсат Қасымов, Жарма аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

Бұл «Кәсіпкерлікті қолдау картасы» дегеніміз біріншіден ауылшарушылық саласында жұмыс жасаса, жерлерді ол шабындық бола ма, егістік, жайылым жерлер бола ма, соларды конкурстан тыс беріледі. Бұл шараушылықтың ең бір мүмкіндігі. Екінші мемлекет тарапынан берілетін қолдауларды ең бірінші осы картадағы жобалар алады. Ол несие болсын, субсидия болсын ол кісілерге басымдық беріледі.

Жалпы Абай облысының аудандарында игерілмей бос жатқан жерлерді мемлекет есебіне қайтару белсенді жүргізіліп жатыр. Солардың ішінде Ақсуат ауданы көш бастап тұр. Бір жылда өңірде пайдаланусыз жатқан 65 мың га телім қайтып алынған.

Қайыртай Бұқабаев, Ақсуат аудандық жер қатынастары бөлімінің бас маманы:

Жыл аяғына дейін әлі де 10-15 мың га жерді қайтаруды жоспарлап отырмыз. Қуантатын жағдай жаңағы біздің ауданда қазір жұмыс істеймін деген жастар өте көп. Сол азаматтарға қайтарылған 65 мың га жер үлестіріліп беріліп жатыр.

Игерусіз қалған жерлерді қайтару есебінен өңірде жайылым мен егістік алқап көлемі де ұлғая бастады. Биыл Абай облысының диқандары 746 мың га-дан астам жерден өнім алады деп болжанып отыр. Әсіресе майлы дақылдардан түсім артпақ. Өңірде егістік көлемі өткен жылға қарағанда 4 мың га-ға көбейген.

Ержан Жақып

Хабарламаларға жазылу